Павлодарда баспанаға қаражат құйған үлескерлер алданып қалған
Павлодарда баспанаға қаражат құйған үлескерлер тақырға отырып қалды. Өйткені қаланың ортасында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы заңсыз жүргізілген. Сондықтан сот шешімімен құрылыс тоқтатылып, үй сүрілуге тиіс. Құрылыс компаниясы шешіммен келіспей сотқа арызданған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
20.10.2023
Ал баспанаға миллиондарын құйғандар сот сергелдеңінің аяғы немен тынарын білмейді. Сондықтан құрылысты аяқтауды сұрап, құзырлы органдарды жағалап жүр. Тентіреп қалған тұрғындардың мұңын КТК тілшісі тыңдады.
Жұлдыз Әбілмәжінова осы үйден баспананы құрылыс аяқталып қалғанда алған. Пәтердің терезелерін орнатып жылу жүйесін тартып, жөндеу жүргізу ғана қалыпты. Осы үйге көңілі қатты ауған ол жиған тергенінің барлығын құйған. Тіпті бұрынғы баспанасында сатып, қазір бала шағасымен ата-анасының үйін жағалап жүр.
Жұлдыз Әбілмәжінова:
- Өзімнің жайлы пәтерімді сатып жібердім. Оған қазір қатты өкінемін. Қаражаттың барлығын пәтерге салғанмын. Үстіне несиеге қаражат алдым. Енді бала шағаммен мынандай жағдайға топ болып отырмыз.
Әу баста құжат бойынша бұл жерге жеке тұрғын үй салынуы керек болған. Құрылыс барысында баспанаға қабаттар қосыла бастапты. Заңды белшеден басқан үй қожайыны құрылыс барысында құжаттарды реттеп алмақшы болғанын айтыпты. Бірақ онысы іске аспаса да, құрылысты тоқтатпай, пәтерлерді сата берген. Үй салынып бітуге жақындағанда қала әкімдігі бұны сотқа беріп, құрылыс заңсыз жүрді деген шешім шығады. Ал құжаты шикі үйге қаражат салғандар енді құзырлы органдарды жағалап, құрылысты жалғастыруға рұқсат сұрап жүр
Ержан Досанов:
- Бұл үй бізге қатты ұнады. Төртінші қабатында кинотеатр мен үстел теннисі сияқты залдары бар, ойын сауық кешені болуы керек еді. Яғни тоғыз отбасының кішігірім қауымдастығы болады. Олардың әрқайсысы баспана үшін 2025 миллион теңгесін құйды.
Тұрғындардың қала билігіне өкпесі қара қазандай. Қаланың қақ ортасында заңсыз жүрген құрылысты дер кезінде неге тоқтатпаған дейді. Олар үй салынып біткенде ғана килігіп отыр. Шенеуніктер болса тұрғындары тентіреп қалған баспана мәселесіне түсінік беруден бас тарты. Шаш етектен аса шаруадан қол босамай жатыр дейді. Енді тұрғындар құрылысты тоқтату туралы сот шешіміне қарсы Жоғарғы сотқа арызданбақ. Баспананы заңсыз салып, пәтрелерді сатқан компания өкілдері де қарасын көрсеткен жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!