Ақтауда қос бүлдіршін көршісінің зиянкестерге шашқан дәрісінен уланып өлді
Ақтауда көршісінің кесірінен уланып көз жұмған қос балақай жер қойнына тапсырылды. Баспанасын зиянкестерден тазартамын деген тұрғын көршілерін де, пәтер иелері кооперативін де ескертпестен, пәтеріне дәрі шашып кетіп қалған.
Автор: Айман Нұрмағанбет
23.10.2023
Соның салдарынан жоғары қабатта тұратын бір отбасының екі баласы уланып өлді. Ал марқұмдардың анасы мен тағы екі бауыры ауруханада жатыр. Мамандар, химиялық қоспаның құрамында аммиак қышқылы мен көміртегі оксиді шамадан тыс көп болған дейді. Оны пәтер иесі Алматыдан тапсырыспен алдырыпты. Бірақ препараттың өндірушісі мен құрамы белгісіз.
Қайғылы жағдай Ақтау қаласында жетінші шағынаудандағы №14 тұрғын үйде болған. Сегізінші қабатта тұратын келіншек үйіне қандала уын сеуіп, есігін жауып кетіп қалған. Дәрінің иісінен жеті адам уланып, 10 айлық сәби мен 2,5 жастағы бала қайтыс болды. Туыстары бүгін марқұмдарды жер қойнына тапсырды.
Пәтерге шашылған у ауа желдеткіштен тоғызыншы қабаттағы пәтерге таралып, бүтін бір отбасы зардап шеккен. Мамандар у себілген пәтерден аммиак қышқылы мен көмірсу оксидінің шамадан тыс көп болғанын анықтап отыр. Соның салдарынан бір отбасының екі баласы көз жұмып, тағы екі баласы мен ата-анасы қатты уланып қалған.
Нұрсәуле Түменова:
- Оқиға 21 күні түнде болды. Жиенім хабарласып, екі бала екі рет құсты деді. Қара, болмаса жедел жәрдем шақырарсың дедім. Екі бала құсып болғаннан кейін ұйықтап қалған. Таңда, сағат жетіден кете жиенім, келінім телефон соқты, балалар кетіп жатыр деп. Оған үлгерген жоқпыз деді. Балалар дірілдепқалшылдап, тұрмастан кетіп қалған. Көршілер,тым құрығанда, айтпады ма екен, улап жатырмыз деп.
Марқұм болғандардың анасы мен екі бауыры ауруханада жатыр. Алғашында жансақтау бөліміне түскен олар, қазір палатаға шығарылыпты. Дәрігерлер оларды аман алып қалу үшін «қолдан келгеннің бәрін жасадық» дейді.
Мереке Бекбаев, Маңғыстау облысы көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- 2015 жылғы қыз бала, жағдайы орташа ауыр деп бағаланып, педиатрия бөліміне жатқыздық. 2017 жылғы ер баланың жағдайы өте ауыр болып, жансақтау бөліміне ауыстырылды. Келгендегі жағдайы өте ауыр болды. Интоксикация белгілеріне байланысты.Қазір баланың жалпы жағдайы орташа ауыр.
Ал қандаладан құтыламын деп бір отбасын қара жамылдырған әйел улы препаратты Алматыдан арнайы тапсырыспен алдырған екен. Зиянкестерді жояды деген жарнамасына сеніп, көп мөлшерде сатып алған көрінеді.
Әсима Жарылғасова, Ақтау санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасының басшысы:
- Біз тұрғындарға тұрғын үйді өздігімен улауға болмайтынын жиі айтамыз. Алайда көбісі мән бермейді. Пәтер иесі пәтерге 39 улы таблетканы қойып, бұл туралы көршілеріне де, пәтер иелері кооперативіне де айтпай кетіп қалған. Тергеуде екі пәтерде де аммиак қышқылы мен көмірсу оксиді деңгейінің жоғары екені анықталды. Улы газдардың бұл түрі адам өміріне өте қауіпті.
Үйін улаған әйелдің өзінің де кәмелетке толмаған екі баласы бар екен. Бірақ пәтерін дезинфекциялап, балаларын алып басқа жаққа кетіп қалған. Қазір осы оқиға бойынша полиция сараптама тағайындап, тергеуді бастап кетті.
Нұралин Баржиков, Маңғыстау облысы ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:
- ҚР ҚК 304-бабымен қылмыстық іс тіркелді. Яғни санитарлық қағидаларды бұзу дерегімен және оның салдарынан екі адамның абайсызда өліміне әкелді дерегімен тіркеліп, сараптамалар тағайындалды. Сараптама қорытындысымен шешім қабылданады.
Қос бүлдіршінді абайсызда улап өлтірген әйелдің кінәсі дәлелденсе, он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ балалардың нақты неден көз жұмғаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Бүгін уланып өлген бүлдіршіндер жер қойнына тапсырылды. Ал марқұмдардың анасы мен тағы екі бауыры ауруханада жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!