Жетісу облысының Достық ауылында ірі көлік-логистикалық орталық құрылды
Жетісу облысының Достық ауылында заман талабына сай ірі көлік-логистикалық орталық құрылды. Ауқымды жоба президенттің көлік-логистика саласына серпін беру жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылып отыр.
Автор: Мерей Қалиасқар
24.10.2023
Жаңадан ашылған әмбебап кешен Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар ағынын едәуір арттырады деп күтілуде. Орталық Азия және Еуропа елдеріне жөнелтілетін тауар ағынына да бұл нысан үлкен сеп болады деп жоспарланған.
Достық" компаниясына тиесілі нысанның құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде іске қосылған орталықтың тәулігіне 1600 ал жылына 450 мың контейнерді өткізетін қауқары бар. Әрқайсысы 41 тонналық жүк көтеретін шетелдік жоғары сапалы қос кранды атап өткен жөн. Шекаралас аймақта мұндай технология бұрын-соңды қолданылмапты.
Сергей Гордиенко, "ЕТТ Достық" ЖШС директоры:
- Кранды технологияның өзіндік құны жоғары. Десе де қыста жиі кездесетін біршама проблеманы айналып өтеміз деген сенімдемін. Өз қаражатымызды салдық, «Береке банк» арқылы несие қаражат тартық. Ал «Даму» қоры несиемізді субсидиялап, бірсыпыра қолдау көрсетті.
Көлік-логистикалық орталықта әртүрлі жүк түрлерін өңдеуге арналған заманауи инфрақұрылым мен жабдықтар бар. Аумағы 18 гектарлық алып кешенде үш қабатты ғимарат бой көтерген. Сонымен қатар мың шаршы метрді құрайтын қойма алаңы мен 10 пойызды сыйдыратын контейнерлік алаң бар. Қазірдің өзінде орталықтың ашылуымен жүзден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Жобалық қуаттылық артқан соң жұмыс орнын 250-ге көбейту жоспарлануда. Бұл «Достық» станциядағы бесінші терминал.
Мақсат Мәмбетқұлов, "Достық" станциясының бастығы:
- Жаңадан ашылған терминал Қазақстан Республикасына үлкен көмек. Қытай мемлекетінен жүкті қабылдауға жақсы. Әсерін тигізеді. Ол 20 пойызға дейін қабылдауға мүмкіндігіміз болады. Былтыр Достық пен Алтынкөл арқылы 23 млннан аса жүк жасағанбыз. Рекорд. Биылғы жылы одан да жақсы келе жатырмыз.
Жалпы терминалды дамыту үш кезеңнен тұрады. Жоспарға сәйкес оның әлеуеті де ұлғайтылмақ.
Айта кетейік, биылғы Жолдауында президент еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға ерекше екпін қойып, Достық - Мойынты бағытында темір жол құрылысын сапалы аяқтауға пәрмен берген. Бәрі сәтті болып, жоба толық жүзеге асқанда Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар тасымалы екі жарым есеге артылады деп күтіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!