Талдықорғанда мұқтаж 60 жанұя баспаналы болды
Панасызға баспана. Республика күніне орай Талдықорғандағы әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға үйдің кілті табысталды. Баспаналы болған бақандай 60 жанұя. Пәтерлердің бәрі толық әрлеуден өткен. Енді мұқтаж жанұялар ақтап-сырламай-ақ, пәтеріне бірден көшіп кіреді. Үйді тұрғызған — Eurotransit Terminal компаниясы.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
25.10.2023
Талдықорғандықтардың бүгін қуанышында шек жоқ. Жұрттың көңіл күйін жүзінен-ақ байқауға болады. Өйткені әлеуметтік осал 60 отбасыға жап-жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтер кілті табысталды. Баспаналы болғандардың ішінде жеті баласын жалғыз өзі асырап отырған Гүлназ Ахметова да бар.
Гүлназ Ахметова, көпбалалы ана:
- Маған үш бөлмелі үй беріліп жатыр. Өте қуаныштымын. Балаларымды осы үйде өсіріпөндіріремін енді. Жалғызбасты анамын.Үй кезегінде тұрғаныма 20 жыл болды. Басқа ештеңе керек емес. Осы балаларым аман болсын.
Айтулы мерекеде осындай тосын сый жасаған — логистикалық компания. Үйді бастан-аяқ толық соғып бітірген. Пәтердің іші де қажет дүниелермен жабдықталған.
Сергей Градиенко, Eurotransit Terminal директорының орынбасары:
- Біздің компания Eurotransit Terminal әрқашан әлеуметтік маңызды жобаларға қатысады. Бұл үйдің құрылысы Талдықорған әкімдігімен жасалған меморандум аясында орындалды. Үй толық салынып бітті.
Ал сол мұқтаж отбасылардың тізімін «Харекет» қайырымдылық қоры ұсынған. Таңдаудың оңайға соқпағаны белгілі.
Мадияр Серікбаев, «Харекет» қайырымдылық қорының құрылтайшысы:
- Ең бірінші, отбасылардың тұрмыстық жағдайына келеміз. Бірінші қағида — сыраушысынан айырылған немесе о дүниелік болып кеткендер. Сол жағына қатты қараймыз. Содан кейін үйде мүмкіндігі шектеулі жандар бар ма? Сол жағын қараймыз. Одан кейін бала саны. Жалғызбасты, көпбалалы болса, бірінші тіркеледі.
Баспаналардың сырты да, іші де толықтай аяқталған. Мүлік құқығын тіркегеннен кейін бірден қоныстануына болады. 60 пәтер қайтарымсыз беріліп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!