{metadescription}
«Қолымыз байлаулы». СІМ Газа секторындағы отандастарымызды анықтай алмай отыр
«Қолымыз байлаулы». СІМ Газа секторындағы отандастарымызды анықтай алмай отыр

«Қолымыз байлаулы». СІМ Газа секторындағы отандастарымызды анықтай алмай отыр

Израиль мен Палестина қақтығысының ошағында қалған отандастарымыздың кейбірі әлі күнге хабар-ошарсыз. Сыртқы істер министрлігі олармен байланыс орната алмай отыр. Өйткені Газа секторындағы жағдайдың ушыққаны сонша, құтқару жұмыстарын үйлестіру мүмкін болмай қалған.

Алғашқылардың бірі болып қақтығыс аймағынан елге жеткізілген отандастарымыз да мұндағы жағдайдың қиын екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес дейді. Әуе шабуылдарынан баспаналары жермен-жексен болып, жұрт басы ауған жаққа үдере көшуге мәжбүр. Ішерге ауызсу, ас-ауқаттың жоқтығынан соңғы тәуліктерде Газада ішек инфекциясы да дендепті.

Ішерге ауыз су жоқ. Жарық та жоқ. Азық-түлік дүкендерінде ұзын-сонар кезек. Палестинадағы ет жақындарымен хат алмасып отырған София әл-Сұлтан қақтығыс ошағында жағдайдың ушығып тұрғанын айтады. Әкесі мен анасы, әпкесі әуе шабуылдары басталардан үш күн бұрын Палестинадағы туыстарына қыдырып кеткен екен. Қазір олармен байланыс бірде бар, бірде жоқ. Соңғы рет тілдескенде ішерге су таппай ашығып жүргендерін, тіпті тұрғындар арасында ішек инфекциясы дендей бастағанын айтыпты.

София әл-Сұлтан:

- Қолына іліккен тамақты жеп жүрек жалғауға мәжбүр. Нан кезегін сағаттап күтеміз дейді. Барлығы дімкәс. Ішетін дәрі де жоқ. Роуминг арқылы байланысып отырайық деп, 19 күн бойы телефондарына үздіксіз ақша салып отырмыз. Тым қымбат. Осы аралықта 200 мың теңге кетті.

Тентіреп далада қалған Газа тұрғындарын өңірдің солтүстігінен оңтүстігіне қоныс аударуға шақыруда. Софияның туыстары қазір Дейр-әл-Балах қаласындағы БҰҰ мектебін паналауда. Бір бөлмеде 40 адам, сыз тартқан еденде жатыр. Бас сауғалағандардың арасында Қазақстан азаматтары да бар.

Антонина Валиева:

- Тұрып жатқан үйлерін жарып жіберген. Осылайша баспанасыз қалдық. Ер адамдар далада жатқан көрінеді. Өте қауіпті. Жақында ғана мектеп пен аурухананың үстіне бомба түсті.

Қазақстандық Мариана әл-Масри шыбын жанын шүберекке түйіп отыр. Бір ай бұрын ол жолдасымен бірге Алматыға іссапармен келген. Артынша шекара жабылып, балалары қақтығыс аумағында қалып қойған.

Мариана әл-Масри:

- Тығырықтан шығатын жалғыз ғана жол — Мысырдағы «Рафиах» өткізу бекеті. Ол жақтан Синай түбегі арқылы Каир әуежайына жетуге болады. Дегенмен қазір ешкімді өткізбейді. Барлық жер жабық. Мен Қазақстан азаматымын, осында тудым, бірақ бұл жақта ешкімім жоқ. Жолдасым қазір ақшасын да ала алмай отыр. Өйткені банкоматтар бұзылған.

Сыртқы істер министрлігі Газа секторында қалып қойған отандастарымыздың нақты санын әзірге анықтай алмай отыр. Шекаралар жабық болғандықтан, қолымыз байлаулы дейді вице-министр Қайрат Омаров. Таяу арада тек әйелдер мен балаларға ғана шығуға рұқсат етіледі деген ақпарат қана бар. Егер күйеуі Палестина азаматы болса, онда қиындық туындауы мүмкін.

Қайрат Омаров, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:

- Бүгінгі таңда ол жерден шығатын жалғыз жол — Рафах. Қазір ол жабық және бейбіт тұрғындардың өтуіне рұқсат етілмейді. Осыған байланысты Израиль тарапынан жүйелі түрде атқылауға ұшыраған бұл аймақта жұмыс істеу өте қиын. Біздің дипломатиялық өкілдіктер Газада жүрген азаматтарымызбен тұрақты байланыста. Біз Мысыр үкіметімен жұмыс істеп жатырмыз, осы аймақтағы басқа да шенеуніктермен азаматтарымызды қақтығыс аумағынан алып шығуға тырысамыз.

Қазақстан тарапы ғана емес, өзге де 45 мемлекет өкілі өз азаматтарын соғыс аймағынан шығарып алу үшін келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Бірақ әзірге шекара бекеттерінен гуманитарлық жүк тиеген көліктерді айтпағанда, бірде-бір тірі жан шығарылмапты. Келіссөздер де айтарлықтай нәтиже бермей отыр дейді сыртқы істер министрлігінің өкілі. Тек ортақ мәмілеге келгенге дейін отандастарымыздың аман қалу-қалмауы екіталай.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

05 қазан

04 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде