Алматыда «Ортау» кешенінің жұрты суықтан тоңып отыр
Байлар да жылайды. Бірақ ақшаға емес, жылуға жарымай отыр. Алматыдағы «Ортау» атты элиталы тұрғын үй кешенінің жұрты пәтерлерін кондиционермен жылытып жүр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
26.10.2023
Өйткені «Рамс Қазақстан» компаниясы тұрғызған бизнес санатындағы үйлердің сапасы сын көтермейді дейді. Жылыту маусымы әлдеқашан басталып кетсе де батареялары әлі мұздай. Пәтерлерін қыруар қаражатқа сатып алған қараша енді аталмыш компанияны сотқа бермекші.
Суық үйде дірдектеген Гауһар Әріпжанова күз басталғалы денсаулығы әбден сыр берген. Сырқаттан көз ашпай, енді дәрі-дәрімектері мен емдік шайлары дастархан басынан арылмайтын болыпты. Осы үйді бақандай 40 миллионға жуық теңгеге сатып алған кезде мұндай жағдайға тап боламын деген ой он ұйықтасам түсіме кірмеді деп отыр.
Гауһар Әріпжанова:
- 15 қазаннан бастап күн суытты. Әлі күнге дейін суық үйде. Жылу жоқ. Мен камераға көрсете алмаймын. Бірақ, міне, сұп-суық. Айтатыным тағы да, ауырып қалдық. Көршілеріміздің бәрі ауырып жатыр. Міне, мынандай жемпірмен жүремін. Мынандай қалың сыммен. Ішінде колготки бар. Екі шұлықпен жүремін. Онсыз жүру мүмкін емес.
Киім. Киімнің сыртында күртеше. Оның үстінен көрпе жамылады. Дәл осылай үйінде жалғыз Гауһар ғана емес, бүтін бір Ортау тұрғын үй кешенінің жұрты отыр. Дәл осы жылу мәселесіне тұрғындар биыл ғана емес, былтыр да тап болғандарын айтып шыр пыр болып отыр.
Олжас Ырысбеков:
- Былтыр қыста тура осындай мәселе болды. Жылу жағынан үлкен проблема. Үй тұрғызған компания биыл жазда жылу мәселесін шешіп береміз деп айтқан. Бірақ қазіргі уақытта көріп тұрғандарыңыздай, ешқандай шешім қабылданған жоқ.
Күздің қара суығында тастай үйде отырған тұрғындардың алдына құрылыс компаниясының өкілдері де келді. Бірақ кінәні өздеріне артқысы келмейтін сыңайлы. «Әйтеуір реттейміз» деп отыр.
Станислав Боков, RAMS Qazaqstan компаниясының өкілі:
- Біз екі ілмекті арматурасын ауыстырамыз. Онда маусым бойы тұрған шарлы шүмек балқып кеткен. Сөйтіп оны аша алмаған. Жартысына жабық болып тұрып қалды. Ертең бәрін ретке келтіріп, екі күн бақылап көреміз. Жалпы жылу беріледі.
Десе де компаниядағылардың айтқанына тұрғындар күмәнмен қарайды. Жаз бойы реттей алмаған ақауды 1 күнде жөндейміз дегеніне мүлдем сенбейді. Сондықтан, осы жолы жылу жөнді берілмесе компанияны сотқа береміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!