Ақтауда тағы бір отбасы қандала уынан зардап шекті. Тергеу басталды
Ақтауда тағы бір отбасы қандала уынан зардап шекті. Елімізде сатуға тыйым салынған зиянды препараттың иісінен уланған бүтін бір отбасы түн ішінде ауруханаға түскен. Уақтылы көрсетілген ем-домның арқасында олар аман қалды. Ал осыдан бір апта бұрын Ақтауда бір отбасының екі баласы қандала уынан қайтыс болған.
Автор: Айман Нұрмағанбет
27.10.2023
Санэпидемиологтар жұртқа қолға түскен уды қолданбауды ескертсе де, мұндай жағдайлар жиілеп кетті.
Оқиға Ақтау қаласының үшнші шағын ауданында болған. Бірінші қабатта тұратын тұрғын пәтерін қандалаға қарсы «Фас» препаратымен улап, бір-екі көршісіне ескертіп кетіп қалған. Ал удың иісі ауа арқылы құбырмен екінші қабатқа көтеріліп бүтін бір отбасы уланып қалды. Жедел жәрдеммен ауруханаға түскен олар ем-домнан кейін ес жиыпты.
Ислам Байқұлов:
- Үйде үш бала болды. Папам және інім болды, бесеу. Папам таңертеңнен кешке дейін болған. Ол кісі терезелерді ашып қойған. Иіс дәретханадан, ваннадан шықты. Жағдайлары жақсы, шүкір. Алып келе жатырмын. Дәрігерлер тек таза ауада жүрсін деді.
Мәрияш Исина:
- Мынау масқара! Айдыңкүннің аманында жауды даладан күтпейміз, өз көршілерден келіп жатыр. Әр адам өзіне жауап беру керек. ЖЭК, СЭС бастығына айту керек. Эпидемиологтарды үйге шақыру керек. Тіпті тарақан емес, қандалаға жасалған у. Қандаланың уы білдірмей өлтіреді.
Бұл Ақтауда болған бірінші жағдай емес. Былтыр да және осыдан бір апта бұрын да қайғылы оқиғаға әкелген болатын. Эпидемиологтар қанша ескертсе де, осындай жағдай тыйылмай тұрғанын айтады. Белгілі болғандай, тұрғынның үйіне шашқан препараты ауыл шаруашылығы саласында ғана қолданылады екен. Оны елде қолдануға рұқсат жоқ көрінеді.
Әсима Жарылғасова, Ақтау санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасының басшысы:
- Тұрғындар өз бетімен пәтерін улауға болмайды. Біз түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Алайда бұл мәселе әлі де өзекті. Тұрғын пәтеріне дойбы тәрізді күкірт «Фас» препаратын тастап кеткен. Ал одан улы газ бөлінеді. Ауамен жеңіл газ жоғарыға тез көтеріледі. Бұл ең қауіпті препарат. Құрамы өте күшті. Негізінен ауыл шаруашылығы саласында қолданылады. Негізі, аталған препаратты Қазақстанда сатуға рұқсат жоқ. Қалай базарда сатылатыны белгісіз. Мұнда заңды тұрғыда шешім қабылдануы керек.
Санитарлар препаратты оңды-солды сататын адамдар да бұл оқиғаға қаттысы бар дейді. Себебі елге кіргізуге рұқсаты жоқ уды кез келген адам сатып алып қолдануы мүмкін. Қандала көбіне жиһаз, төсек‑орын арасында жүретіндіктен, жиһаз сататын дүкендер де мұны тауармен қоса сырттан әкелуі мүмкін екен. Бірақ өз бетімен қанша уласа да, қандала оңай кете қоймайды.
Жалпы Ақтауда дизенфекциялауға рұқсаты бар 8 мекеме бар. Олар бір бөлмені 15-20 мың теңге арасында улайды екен.
Жаңыл Мырзабаева, дезинфектор:
- 1,2,3,4 санаттағы зиянкестер деген заңы бар. Соның бірекеуі адам өліміне әкелетін у. Оны тек арнайы мамандар бөлек тұрған ғимаратта жасайды.
Дезинфекторлар тұрғындарға өз бетінше улау жұмысын жүргізбеу керек екенін ескертеді. Компанияға хабарласып, тегін кеңес алып, мүмкіндігінше мамандарды шақыру керек деп отыр. Әйтпесе соңы қайғылы жағдайға әкеледі. Ал үшінші шағын ауданда болған оқиғаға қатысты полиция сараптама тағайындап, тергеуді бастап кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!