СІМ Мысырға жолдама алған туристерді билетін өткізуге шақырды
Туристік жолдамасын қайтарып, сапардан бас тартуға құқылы. Туризм және спорт министрлігі шетелде демалуды жоспарлап жүрген отандастарымызға, оның ішінде Израильмен шектесетін Мысырға жолдама алып қойған туристерді билетін кері қайтаруға шақырды.
Автор: Айғаным Достанбай
27.10.2023
Құзырлы министрлікке Қазақстан азаматтарынан Қызыл теңіз жағасындағы демалысқа қатысты көптеген сауал келіп түсіпті.
ҚР Туризм және спорт министрлігі:
- Мысыр қазір әскери қақтығыс болып жатқан Израильмен шектеседі. Сонымен қарулы қақтығыс Мысырға жақын арада демалуды жоспарлаған туристерді алаңдатып отыр. Туристер баламалы нұсқаларға келіспеген жағдайда алдын ала туристік компанияға қаражатты қайтаруды сұрап жүгінуге және сапардан бас тартуға құқылы.
Газада жағдай күрделі. Аумақ әуе шабуылдарынан көз ашар емес. Ғимараттар қирап, палестиналықтар өңірдің солтүстігінен оңтүстігіне үдере көшуде. Ішерге суы, ас-ауқаты таусылған халық бір тілім нан үшін ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр.
Бірер күн бұрын жақын-жуықтары Палестина аумағында қалып қойған қазақстандық азаматтардың туыстары Президенттен көмек сұрады. Олар ет жақындарын Қазақстанға алдыруды өтініп отыр. Ал сыртқы істер министрлігі қақтығыс ошағында қалып қойған жерлестеріміздің нақты саны белгісіз дейді. Қазақстаннан бөлек, 44 мемлекет өз азаматтарын соғыс ошағынан алып шығуға әрекет етуде. Министрлік әзірге келіссөздердің нәтиже бермей отырғанын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!