{metadescription}
Шахтадағы апат: Адам тұрмақ, зіл конвейер мен ауыр техникалар қаңбақтай ұшқан
Шахтадағы апат: Адам тұрмақ, зіл конвейер мен ауыр техникалар қаңбақтай ұшқан

Шахтадағы апат: Адам тұрмақ, зіл конвейер мен ауыр техникалар қаңбақтай ұшқан

Қарағандыда Костенко шахтасынан 45 кеншінің денесі табылды. Қалған үшеуі әлі іздестіріліп жатыр. Апат себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия да жұмысын бастады. Қаралы тізімдегі кеншілердің жақын жуығы кешелі бері шахта аумағында әлі жүр.

Оларға психологтар мен дәрігерлер көмек көрсетуде. Құтқарушылар сыртқа шығарған денелердің көбін тану қиынға соғып жатыр. Оқиға орнынан тілшіміз Саят Дәулетжанұлы бүгінгі жайды баяндап берсін.

Костенко шахтасы ғимаратындағы акт залында кешегідей қарбалас жоқ. Бірақ жер астынан біртіндеп денесі шығарылып жатқан адамдардың аты сағат сайын айтылып жатыр. Екі күннен бері тірі деуге ақыл көнгенімен, көңіл сенбейді. Кірген шыққанға жәутеңдеген жұрт жақыны жайлы жақсы хабар естігісі-ақ келеді.

Амантай Жылтыров, кенші:

- Іздеп жатыр, кешеден бері, өзім де осы шахтада, 40 жыл болды істегеніме.Мен жұмыс істегенде дұрыс болған барлығы, енді қазір білмеймін, қалай болғанын, жарылыстың, түсінбей жатырмын. Көп жыл істеп жатырмын осы шахтада.

Дәрігерлер кешелі бері осы залдағыларды айналып-толғанып жүр. Аяғынан тұра алмай қалған екі адам ауруханаға жөнелтілген. «Сыр бермедім» дегендерінің өзін психологтар бақылауға алады.

Ерген Құдайбергенов, Апаттар медициналық орталығының дәрігері:

- Қан қысымы көтеріліп кетеді, есін жоғалтып жатыр. Сонымен қатар психологиялық және алғашқы медициналық көмек көресетілді. Қажет жағдайда ауруханаға жеткіздік. Кешегі күн ауыр болды. Кеше 40тан астам адамға көмек көрсетілді. Біздің үш бригада көмек көрсетті. Қаншама адам жедел жәрдемде болды.

Кешелі бері 55 құтақарушы да дамыл таппай жатыр. 700 метр тереңдіктен денені тауып, оны алып шығу оңай шаруа емес. Жарылыс күшінен денелер бөлшектеніп те кеткен. Оның үстіне жер астына су да толып жатыр.

Жұмат Өкенов, «РЦШ ПВАСС» Қарағанды филиалы директорының орынбасары:

- Көп көлемдегі тау кен өнімі кедергі келтіруде. Бірнеше шақырым жолды тазартуға уақыт кетеді. Апат болғанда шахта электр жарығынан ажыратылған. Тиісінше үнемі жұмыс істеп тұрған сорғыштар тоқтады. Соның салдарынан кейбір алаңды су басып жатыр. Негізі қиындықтар осы.

Мамандар осы жолғы апат алапат болғанын айтады. Жарылыстың қызыл жалыны алты шақырым жерді шарпып, төрт учаскеге жайлыпты. Адамды айтпағанда, жер астындағы көп тонна конвейер мен ауыр техникалар қаңбақтай ұшыпты.

Екі күннен бері көмір өндірісі тоқтаған Костенко атындағы шахтада қаралы жандардың қатары қалың. Өйткені құтқарушылар алып шығып жатқан денелердің көбі жарылыс салдарынан адам танығысыз өзгерген. Сондықтан мұндағылар енді денені тану үшін ДНК сараптамасын жүргізгелі отыр.

Мемлекеттік комиссия құрамындағылар осы жолғы апаттың нақты себептерін анықтауы тиіс. Бірақ бұл техногенді апат емес екенін қазірден-ақ айтып жатыр. Өйткені алдымен от тұтанған, жарылыс кейін болған.

Андрей Лукин, «Қорғау» кеншілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы, мемлекеттік комиссия мүшесі:

- Метан газы концентрациясы артылмаған. Жарылысқа сегіз минут бұрын көмірқышқыл газы мөлшерден асқанын көрсеткен. Ол ашық оттан шығады. Бұл метан емес. Бірақ сегіз минуттан кейін істен шықты. Ол кезде жарылыс болған. Метан газының лақтырысы емес, техногенді апат емес бұл. Егер техногенді болса, метан газының өзгерісін датчиктер тіркеуі керек еді.

Андрей Лукиннің айтуынша апатқа күздің атмосфералық қысымы әсер етуі әбден мүмкін. Жер үстіндегі суық жердегі жылуды төмен қарай итерген сайын қысым артады. Көмірдің кез келген кесегінде сырты монолит көрінгенімен, ішінде белгілі бір газ мөлшері болады. Ол кез келген уақытта шығып тұтанса, жарылады немесе жанады.

Бірақ бұл адами факторды жоққа шығару емес дейді мамандар. Оны тексеріс жүргізетін комисиия анықтауы тиіс. Ал әзірге көрші шахталардың кеншілері опат болған әріптестерінің рухына тағзым ретінде Костенконың алдына аза гүлдерін койып кетіп жатыр. Өлі табылған кеншілерді ертеңнен бастап жерлей бастайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде