{metadescription}
Жарықсыз Астана: 11 жол апаты. Ауруханадағы әбігер. Зейнеткер өлімі
Жарықсыз Астана: 11 жол апаты. Ауруханадағы әбігер. Зейнеткер өлімі

Жарықсыз Астана: 11 жол апаты. Ауруханадағы әбігер. Зейнеткер өлімі

Екінші жылу электр станциясындағы қысқа тұйықталу Елорданың тең жартысының жарықтан ажырауына әкеп соққан. Қалалық әкімдік пен энергетика министрлігі осындай тоқтамға келіп отыр.

Бір мезетте қап-қара түнекке айналған Астанада бағдаршам істен шығып, айналдырған екі жарым сағатта үлкенді-кішілі 11 жол апаты тіркелді. Жарықтың жоқтығы әсіресе ауруханалардың жұмысына кедергі келтірген. Қосалқы дизель-генераторлар жұмыс істемей, ақ халаттылар әбден әбігерге түсіпті. Тіпті осы қысқа тұйықталудан бір үйде өрт шығып, зейнеткер қарияға ыс тиіп жан тәсілім еткен. Қара түнекте қалған Астананың жай-күйін елордалық тілші Айжан Шамшидин тарқатады.

Сағат кешкі он шамасында Астананың тең жартысы қара түнекке оранды. Жарықпен қоса су да өшті, үйлер де жылудан ажыратылды. Осылайша екінші жылу электр станциясындағы қысқа тұйықталудан болған жайсыздық бас қаланың тіршілігін бір мезетте тоқтатты. Ал бүгін тілшілердің басын қосқан қала әкімінің орынбасары кешегі екі жарым сағаттық форс-мажор жағдайға «келеңсіз жағдай» деп қана баға берді.

Нұрлан Нұркенов, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

Мен бұл жүйелік проблеманың салдары деп айтпас едім. Кешегі штаттан тыс жағдай, келеңсіз жағдайлардың жиынтығы болуы мүмкін. Қысым болған кезде, солай болуы мүмкін. Бұл инженерлік инфрақұрылым болғандықтан, бір жерде кабель бұзылады, бір жерде желі тозады. Сондықтан мен бұл жүйелік проблемалардың салдары емес, штаттан тыс жағдай деп айтар едім.

Апатты жағдайдың салдары бірден білінді. Түнгі түнек кезінде үйдегі техниканың тұйықталуынан бір пәтер өртке оранып, ондағы қария жан тәсілім еткен. Оқиға куәгерлері өрт-сөндіру қызметіне байланыстың жоқтығынан біраз уақыт хабарласа алмай, қызыл жалын шарпыған аймақ үлкейіп кеткен.

Айдана Ахметова, оқиға куәгері:

Түнгі сағат бірде ояндым, ұйықтап жатқанбыз. Оянған кезде иіс болды. Далаға шықтым, өрт сөндірушілер тұр екен. Жолдасыма «тұртұр, кетеміз, киін» дедім. Сол мезетте өрт сөндірушілер есікті ұрып, «болды, үлгермейсіңдер, балконға барып тұрыңдар» деді.

Әлеуметтік желіде күні кеше бұл видео кеңінен тарады. Қуат көзінсіз қалған бірінші аурухана қызметкерлері пациентті жасанды демалдыру аппаратына қосу үшін жоғарғы қабатқа жаяу көтерген. Басқасы басқа, стратегиялық нысандарда қосымша қуат көзінің болмауы түсініксіз. Жалпы, өшкен жарық астанада,ы 7 аурухананың жұмысына кері әсер етіпті.

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы:

Электр қуаты өшіп қалған кезде науқас әйелді дұрыс бақылау үшін жансақтау бөліміне баспалдақпен көтеріп шығардық. Өйткені лифтілер жұмыс істемей қалған еді. Электр қуаты жансақтау және қарқынды терапия бөлімдеріне, ота жасайтын бөлімшелерге басымдықпен берілді. Қалған бөлімшелер мен палаталарда жарық болған жоқ.

Мәжіліс депутаты, энергетика саласының жілігін шағып майын ішкен Дүйсенбай Тұрғанов бас қаланың екі жарым сағат уақыт бойы жарықсыз, сусыз қалуы қордаланған проблемалардың бетін біртіндеп ашып жатыр деген пікірде. Себебі қаладағы электр желілері көнерген, оларды ауыстыратын уақыт та келіп қалған.

Дүйсенбай Тұрғанов, Мәжіліс депутаты:

Бұл норма емес. Бұл түсінікті нәрсе. Бұлай болмауы керек еді. Бұл ажыратқыш Ресейде 2005 жылы зауытында шығарылған. Қанша жыл өтті? 18-17 жылдай өтті. Мүмкін содан шығар. Мүкін дұрыс қондырылмаған шығар. Мүмкін оны дұрыс зерттемеген шығар, мүмкін оны қарамаған шығар. Тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізбеген шығар?!

Қазір апаттың нақты себебін анықтау мақсатында комиссия құрылды. Жауаптылар 10 күннің ішінде қысқа тұйықталудың неден болғанын айтамыз деп отыр. Ал Елорда жұртшылығы бастапқыда 10 секундтай өшіп-жанған жарықтың кесірінен техникамыз күйіп кетті деп зар илеуде. Оларға әкімдік өз өтініштерімен Астана АЭК-ке келсін деп хабарлады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

05 қазан

04 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде