Израиль әскері Газа секторына шабуылды үдетті
Израиль әскері Газа секторында түннен бері әскери операциясының ауқымын кеңейтіп, шабуылды үдетті. ЦАХАЛ жауынгерлері ХАМАС-қа қарсы танктерден оқ жаудырған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
30.10.2023
Осылайша Израиль әскері Газа орталығына табандап жақындап, жан‑жағынан қоршап алмақ.
Түндегі операция кезінде ХАМАС-тың он мүшесінің көзі жойылғаны айтылды. Сондай-ақ Газаның мың жарым адам жасырынды деген екі орталығына шабуыл дайындалуда.
Қазір Газа ауруханаларындағы науқастардың өзін эвакуациялау мүмкін болмай жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ол жақтағы дәрі-дәрмек қоры таусылуға шақ қалған. Біріккен ұлттар ұйымы дәрі тиелген гуманитарлық жүк көліктерінің өтуінде қиындық туындап тұрғанын тағы қайталады. Жанармайдың жетіспеушілігі жедел жәрдем қызметінің де жұмысын тұралатқан. Атыс-шабыс басталғалы Газа секторының бір жарым миллионға жуық тұрғыны үйін тастап бас сауғалауға мәжбүр болған.
Небаль Фарсах, «Қызыл ай» қоғамының өкілі:
- Бізде әл-Кудус ауруханасын эвакуациялауға мүмкіндік жоқ. Ауруханада 400 науқас жатыр. Оның көбі ауыр жағдайда. Басқа жаққа көшіру оларды өлтірумен тең. Ауруханаларда бас-аяғы 14 мыңнан астам азамат бар. Тоқтаусыз шабуылдың кесірінен осы жаққа келуге мәжбүр болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!