Жойқын апатқа қатысты Лакшми Миттал жауапкершілікке тартыла ма?
Костенко шахтасындағы апатта ажал құшқан 46-шы кеншінің дене бөлшектері табылды. Ал көз жұмған 40 адамның кім екені анықталды. Төтенше жағдайлар министрі қалған алтауына ДНК сараптамасы жүргізілетінін айтты. Тергеп-тексеру жұмыстары Бас прокуратураның тікелей бақылауында. Құзырлы орган өкілдері кен орнына қатысы бар қызметкерлерден жауап алған.
Автор: Айғаным Достанбай
31.10.2023
«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының да мемлекет меншігіне өту жұмысы аяқталуға жақын. Келіссөздің қалай жүріп жатқаны Үкіметтің бүгінгі жиынында айтылды.
Төрт тәуліктен кейін, бүгін жарылыс болған Костенко шахтасынан құтқарушылар 46-шы кеншінің мүрдесін алып шықты. Айтуға ауыз бармайды, мәйіті деген аты болмаса, марқұмның дене мүшелері бөлшектеніп кетіпті. Бұдан басқа тағы бес кеншінің жеке басы анықталмағандықтан, ДНК сараптамасы қажет дейді төтенше жағдайлар министрі. Оның нәтижесі 3-4 күнде белгілі болмақ. Осылайша қайғылы жағдайда опат болғандардың толық тізімі апта соңында жарияланады.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Апат себептерін тергептексеруде үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Опырылып, қираған маңызды тұстарды көрдік. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету құрылыстары қираған. Бүгінгі күні іздестіру-құтқаруда 45 кеншінің денесі және алдын ала болжам бойынша 46-шы қаза тапқан адамның дене бөлшектері табылды. Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, ал алтауынікі анықталмады.
Шахта ішінде жарықтың жоқтығы іздеуді қиындатқан. Одан қалды шахтаның ұзындығы, опырылған қирандылардың астын көтеріп, мәйіт шығару біраз күш пен уақытты талап етті дейді министр.
Кешелі бері Қарағанды облысындағы кен орындарындағы жұмыс қайта жанданған. Үкімет басшысы «Арселор Миттал Теміртауды» мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары аяқталуға жақын екенін айтып қалды. Үкіметтің меншігіне өткеннен кейін компанияның иесі ғана емес, аты да жаңартылады.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- Осындай апат биыл тамыз айында да болған. Ол кезде 45 шахтер қаза тапты. Көптеген адамның өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл бірінші кезекте кәсіпорын басшылықтарының кінәсі. Олар компания жұмысынан өздерін шеттетіп тастаған. Компания өз міндеттемелерін орындамаған.
Ал өнеркәсіп және құрылыс министрі компанияны қайтарып алғаннан кейін шетелдіктерге беру ойымызда жоқ деп отыр. Отандық инвесторға өткізген күннің өзінде жалақысы, қызмет талаптары түгел сақталады. Шарлапаев Қазақстан Үкіметі үнді олигархынан «Арселор Миттал Теміртауды» қандай сомаға саудалайтыны туралы жақ ашан жоқ. Министрдің бар айтқаны, компанияны сатып алуға да, оның барлық шығынына да бір тиын да бюджет қаржысы жұмсалмайды.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Бірінші міндет — «Арселор Митталдың» кәсіпорыннан шығуы. Екінші — жұмыс орындарын сақтап қалу. Бұдан басқа өз алдымнан ешқандай міндетті көрмей отырмын. Себебі ол жерде 30 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Теміртау қаласында 180 мың шамасында тұрғын бар. Сондықтан жұмыс орындарын сақтап қалу, өндіріс орнының болашағын сақтап қалу маңызды.
Шарлапаев 46 адамның өліміне алып келген жойқын апатқа қатысты «Лакшми Миттал жауапкершілікке тартыла ма?» деген сұраққа да жауап берді. Министрдің айтуынша, соңғы апаттың салдарынан ол компания экономикалық тұрғыда онсыз да шығынға батып жатыр. "Арселор Миттал Теміртау" бүгінде 1 млрд доллар жоғалтқан. Осы ретте Бас прокуратура жедел-тергеу тобы шахтадағы жарылысқа қатысы тергеудің жалғасып жатқанын хабарлады. Жұмыс ұйымдастыруға және қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуге арналған құжаттар алынып, талдануда. Ауысым қызметкерлері, көмір департаментінің басшылары мен жауапты қызметкерлерден жауап алынған.
Соңғы үш жылда «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына жүзден аса тексеріс жүргізілген. Аудит кезінде 500-ге таяу заңбұзушылық тіркеліп, небәрі 3 миллион теңге көлемінде айыппұлмен құтылыпты. Ал бұл осы компания басқарушы директорының үш күндік жалақысына тең. Күні кеше тұрғындар арасында шахтадағы апаттан кейін Лакшми Митталды жауапкершілікке тарту бойынша петиция жарияланған еді. Автор "Арселор Миттал Теміртау" компаниясынан түскен табыстың соңғы бес жылда 1 трлн теңгеге жеткенін, ал компанияның атқарушы директоры 2021 жылы айына 31 миллион теңге жалақы алып келгенін айтқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!