{metadescription}
«50 млн пара алған». Экс-депутат Нұржан Әлтаев сотта жауап бере бастады
«50 млн пара алған». Экс-депутат Нұржан Әлтаев сотта жауап бере бастады

«50 млн пара алған». Экс-депутат Нұржан Әлтаев сотта жауап бере бастады

50 млн теңге пара алған. Осындай айыппен қамалған Мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаев сот алдында жауап бере бастады. Бүгінгі отырыс соттың алдын ала тыңдалымы. Бірақ ары қарай процесс жабық өтетін болды. Судья прокурордың осындай талабын қанағаттандырды.

Жемқорлық дауына іліккен Әлтаевтың қолына кісен жарты жыл бұрын салынған болатын. Ол еңбек вице-министрі, кейін Мәжіліс депутаты болған кезде жүйелі түрде пара алып, «Атамекен» палатасының мүддесін қорғаған дейді тергеушілер. Айыпталушының өзі мұның бірімен де келіспей наразылығын білдірді.

Экс-мәжілісмен Нұржан Әлтаевқа қатысты сот ақыры басталды. Негізі процесс 20 қазанда болуы керек еді, алайда екі рет кейінге шегерілді. Алғашқысында судьяның ауысуына байланысты болса, екіншісінде прокурор мен сотталушының өзінің келмеуіне байланысты. Бүгін сот залына процеске қатысушылардың барлығы келді.

Қылмыстық істің өзі 15 томнан тұрады. Ал куәгерлер саны 18. Сот залына әуелі таяқ ұстап Нұржан Әлтаевтың өзі кірді. Журналистер мен соттан қалыс қалғысы келмегендер де өте көп. Прокурор қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі – аса ірі мөлшерде ақша түрінде пара алды деп айып тақты. Жаза ретінде он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымға тыйым салу қарастырылған.

Тергеу мәліметінше, Әлтаев 2018-2020 жылдар аралығында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүддесін қорғау үшін сол кездегі төрағаның орынбасары Абылай Мырзахметовтен пара алған. Жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам қаражатты қалтаға басты дейді прокурор. Яғни Нұржан Әлтаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған кезде, кейін Мәжіліс депутаты лауазымын атқара жүріп, жүйелі түрде пара алыпты. Тек айыпталушының өзі мұның бірімен келіспей отыр.

Нұржан Әлтаев, айыпталушы:

Тағылған айыппен мүлдем келіспеймін. Менің ойымша, бұл барып тұрған сандырақ.

Әлтаевтың қорғаушысы соттан бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді сұрады. Экс-мәжілісменнің адвокаты бұған бірнеше себепті атап өтті. Сотталушының денсаулығының нашарлығы әрі отбасылық несиесі және балаларының әкесімен бірге болғысы келетінін тілге тиек етті.

Қарлығаш Әйтенова, адвокат:

Балалар бұл күндері материалдық қолдауды ғана емес, ең алдымен сүйікті әкесінің жанында болып, оған көңіл бөлуін аса қажет етіп отыр.

Сот бұл уәжбен келіскен жоқ. Өйткені айыпталушы қашып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Судья прокурордың істі жабық режимде өткізу туралы өтінішін құптады. Әлтаевтың өзі іс ашық әрі БАҚ өкілдері қатысқанын қалаған болатын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі биыл 7 маусымда Нұржан Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстаған болатын. Оның қамақта отырғанына жарты жылға жуықтады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде