Қазақстан мен Франция алыс-берісті еселеп арттырғысы келеді
Француз мәдениентінің насихатын арттырып, тілінің қолдану аясын кеңейтуге мүдделі. Эммануэль Макрон бүгін Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді. Франция президенті Орталық Азия елдеріне сапарын Астанадан бастап отыр. Қазақстан мен Франция мәдениетті ғана емес, алыс-берісті еселеп арттырғысы келеді.
Автор: Мерей Қалиасқар
01.11.2023
Бүгін сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізіліп, маңызды құжаттарға қол қойылды.
Бұл Эмманюэль Макронның қазақ жеріне алғаш келуі. Ұшақтан түсіп табаны жерге тиген мәртебелі мейманды үкімет басшысы Әлихан Смайылов күтіп алды. Жапалақтап жауған қар қол алысып, қызу әңгімеге кіріскен азаматтарға кедергі келтірген жоқ. Төселген көк кілемде келе жатқан Макрон Астана мен Париж арасындағы стратегиялық әріптестік одан әрі көгеріп көктейтініне сенім білдірді.
Макрон мінген автокөліктер легі Ақордаға бет алды. Президент сарайында Франция басшысын салтанатты түрде Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Бұл Макронның Қазақстанға алғашқы сапары демесеңіз, екі елдің байланысы жүйелі жолға қойылған. Сөзімізге дәлел ретінде биыл екіжақты сауда көлемі 21 пайызға өсіп, 2,7 млрд долларға жеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бірлескен жобалар энергетика, бейбіт атом, таукен, химия өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс заттарын өндіру, аэроғарыш, фармацевтика және басқа да салаларды қамтиды. Бұдан бөлек тағы да басқа маңызды жобалар қолға алынады.
Елімізге көптеп импортталатын тауарлардың бірі – косметикалық бұйымдар. Мысалы, бір жыл ішінде ел аумағына 38 тонна француз иіс суы кіргізілген. Ал Қазақстан негізінен мұнай мен уранды экспорттайды. Бұл ретте әлемдік БАҚ пен сақа сарапшылар осы сапар қарсаңында Макрон біздің елге атом электр станцияларының жұмысына қажет жанармай жеткізуді ұлғайтуды көздеп жатқанын болжаған. Энергетика министрі бұны растамады, жоққа да шығармады.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Біз әлі өзімізге тиімді арнайы басымдықтарды белгілемедік. Бүгінде бізде бірқатар сұрақ бар. Мәселен жел станциясын салу бойынша ынтымақтастық орнату, EDF және уран корпорациясымен бірлесе жұмыс істеу, сондайақ, техникалық газ өндіретін кәсіпорын құру да ойда бар.
Күн тәртібінде экономикалық әлеуетті арттырудан бөлек, мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыс сөз болды. Сонымен қатар тараптар қазақ-француз университетін ашу мәселесін пысықтап бір шешімге келді. Білім ордасы келер жылы жұмысын бастауы тиіс. Саяси маңызды мәселелер де назардан тыс қалмады.
Эмманюэль Макрон, Франция президенті:
- Президент мырза, ресми сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Астанаға келіп сізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Осы сапарды ұйымдастырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл сапар біздің екіжақты серіктестігіміз үшін маңызды жылмен тұспатұс келіп отыр. Бүгін біз өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ Жарғысын, соның ішінде аумақтық тұтастық, ұлттық тәуелсіздік қағидаттарын сақтауға ниетті екенімізді тағы да нақтылай аламыз.
Сонымен қатар екі ел басшылары өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты тұрақты қарым-қатынастың маңыздылығына назар аударып, халықаралық ұйымдар аясындағы диалогты тереңдету қажет екенін атап өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!