Жертөледе заманауи жабдықталған есірткі зертханасы әшкереленді
Ақтөбе облысының тұрғыны үйінің жертөлесінен есірткі зертханасын ашқан. Оны заманауи техникамен жабдықтапты.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.11.2023
Алға қаласының тәртіп сақшылары көшеде тәлтіректеп жүрген 32 жастағы тұрғынды ұстайды. Оның үйін тінту кезінде марихуана өсіретін жылыжайға тап болған. Жер үйдің ауласының қақ ортасынан бір бөлмелік жертөле қазыпты. Ішіне таймері бар датчиктерден бастап, арнайы өсімдік өсіруге қолданатын шамдардың түр-түрін қондырған. Бағбандық өнерді мықтап игерген Алға тұрғыны тек қарасора өсірумен айналысыпты. Тінту кезінде жылыжайда өсіп тұрған 79 түп марихуананы және шатырға кептіріп қойған тағы 17 түбін тапқан. Қазір ол қамауда отыр.
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Жұмыссыз ауыл тұрғыны үйінің ауласынан жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырып, есірткіні Ақтөбе қаласының аумағына сатуды мақсат еткен. Бұл деректер бойынша күдіктіге қатысты ҚР ҚК 300-бабы 1-бөлігімен және 297-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!