Сүт қымбаттаған. Жергілікті әкімдіктер қайда қарап отыр?
Елімізде сүт 20 пайызға қымбаттады. Қыркүйек айында жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша сарапшылар осындай қорытындыға келді. Айран, ірімшіктің бағасына дейін едеуір өскен. Оған не себеп? Бағаны жергілікті әкімдіктер қадағалауға тиіс болса, қандай шара қабылдап жатыр?
Автор: Асқарбек Қазанғап
02.11.2023
Тараздық Алексей Карнауховтың ірімшік дайындайтын өндірісі бар. Одан шыққан өнімді дүкенінде саудалайды. Әркімнің қалтасы көтергені мен қалауына қарай сан түрі сөреде самсап тұр. Келісі 2500 мыңнан 7500 мың теңгеге дейін жетеді. Қымбаттағанын растайды. Оған себеп — сүт жеткізушілердің бағаны көтергені дейді.
Алексей Карнаухов, кәсіпкер:
- Сүт жеткізушілердің айтуынша, ірі қараның жемі қымбаттаған. Төрт тасымалдаушымен жұмыс істейміз. Төртеуі де сол себеппен бағаны көтерді. Қазір сүттің литрін көтерме бағамен 300 теңгеден сатып аламыз. Олардан жемнің неге қымбаттағанын сұрасақ, жанармай бағасының өскенімен байланыстырады.
Сүт өнімі елдің барлық өңірінде қымбаттаған. Антистатистиканың басында Батыс Қазақстан, Қызылорда және Ұлытау облысы тұр. Ол жақта 24 пайызға өскен. Былтырғымен салыстырсақ, ірімшік — 12, айран — 17, сүт — 20 пайызға қымбаттады. Қазақстанның сүт одағы бұл өсімді қалыпты құбылыс дейді.
Владимир Кожевников, Қазақстанның сүт одағы директорының міндетін атқарушы:
- Жанармайдың, логистиканың, электр қуатының қалай қымбаттағанын көзіміз көріп отыр. Сәйкесінше, шикізат құны да өседі. Ал жалпы әлемде сүт өнімі биыл 30-35 пайызға дейін қымбаттаған. Оған геосаяси жағдай да әсер етеді. Сол жағынан алып қарайтын болсақ, бізде баға аспандап кетті деп айта алмаймыз. Жылдық көрсеткіш — қалыпты. Бұл салаға бөлінетін субсидия көлемі көбейсе, жалпы баға бірқалыпты болатын еді. Бұл мәселе бойынша өз ұсынысымызды жеткізгенбіз.
Атқамінерлер бағаны тұрақтандыруға барымызды салып жатырмыз дейді. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігі халық жиі баратын ірі сауда желілеріне 4,5 млрд теңге несие берген. Осылайша сүт өнімінің бағасын аспандатпай, ауыздатпақ. Сондай-ақ жәрмеңкені жиі өткізуді жоспарлап отыр.
Ерлан Орманов, Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:
- Бағаны тұрақтандыру үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол себептен қазір Тараз, Жамбыл облысынан өндірушілермен келісімшарт жүргізіп жатырмыз. Өндірушілерге жәрмеңкелерден, базарлардан орын бөлініп ,көтерме және бөлшек сауда ретінде орын дайындалуда. Сонымен қатар ол өндірушіні қаланың желілеріне кіргізіп, бағаны барынша тұрақтандыруға ат салысудамыз.
Сүт өніміне шикізаттан тапшылық жоқ. Өйткені өзімізде бар. Алайда шекара асып келмесе, бір жем мен жанармайдың құнына бола, неге сонша қымбаттайды деген сұрақ қарапайым тұтынушыныларға маза бермейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!