«Атажұртыма оралдым». Қазақ-мажар келісімдері
Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Қазақстанға ресми сапармен келген Венгрия премьер-министрі осылай деп ерекше сезімімен бөлісті. Виктор Орбан Тоқаевпен қазақ-мажар қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму бағыттарын жан-жақты талқылап, бауырлас елдер арасындағы байланысты бекіте түсуге ниетті екенін жеткізді. Тараптар қандай келісім жасасты?
Автор: Мерей Қалиасқар
02.11.2023
Қазақстанды атамекені деп санайтын ел болса, ол – Мажарстан. Тіпті генетикалық зерттеулер де бір-бірімізге бөтен емес екенімізді көрсетті. Сол туысқан мемлекеттің үкімет басшысы кеше кешкісін Қазақстанға келді. Ұшақтан түскен қадірлі қонақты премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин құшақ жая қарсы алды.
Орбан мырза таңертең Президент сарайына келді. Есігі айқара ашылғанда алдынан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ілтипатен күтіп алды. Сосын бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, екі елдің әнұраны шырқалды.
Ақордада кезекті маңызды қонақ. Қасым-Жомарт Тоқаев Венгрияның премьер министрі Виктор Орбанды қарсы алды. Тараптар Қазақстан мен Мажарстанның сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығын одан әрі кеңейтуге қатысты келіссөздер жүргізеді.
Әуелі Тоқаев пен Орбан қос елдің ынтымағын сөз қылып, саяси диалогты нығайту жолдарын жан-жақты талқылады. Президент тарихи тамыры ортақ, тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен даму жолдары ұқсас елмен байланыс бұдан да беки түсу керек деген пікірде. Мемлекет басшысы мұны шағын және кеңейтілген құрамда бірнеше қайталап, астын сызып айтты. Ал екі жақты қарым-қатынасымыздың жақсаруына дәл осы Виктор Орбанның бірден-бір үлесі тиіп жатқанын тілге тиек етіп, белді саясаткер бастаған делегацияға ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бауырлас қазақ еліне қош келдіңіздер! Қазақстан сіздің атамекеніңіз деп айтуға болады. Себебі тамырыңыз осы жерден бастау алды. Өзіңіз қыпшақтарға өте жақынсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі. Біз бауырластығымызды, өзара тиімді қарымқатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бүгінгі келіссөздер екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін.
Шығыс Еуропадағы маңызды тірек саналатын елдің үкімет басшысы да құрметпен қарсы алған достас, туыстас елге алғысын білдірді.
Виктор Орбан, Венгрия премьер-министрі:
- Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешіреді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күшжігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Венгрия әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді.
Орбан пандемияға дейін Қазақстанға келгенде екіжақты қарым-қатынастардың жемісті болғанын жеткізді. Ал әлемді жайлаған індет қос елге кедергісін келтірмей қоймады. Ендігі мақсат — арадағы байланысқа жаңа серпін беру, сауда-саттық көлемін ұлғайту. Өсім жоқ деуге келмейді. Дегенмен әлсін-әлсін артып жатқан жалпы көрсеткіш көңілге медеу боп тұр.
Серік Жұманғарин, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
- Қазір сауда деңгейі өте жоғары деп айта алмаймын. Себебі Былтыр 100 млн АҚШ доллары болды. Биыл 24 пайызға өсті. Қазір тоғыз айдың ішінде тағы да өсім 24 пайыз. Оның ішінде көбісі Венгриядан келетін импорт. Дәрідәрмектер, көкөністер, көбісі тағам. Сапасы өте жоғары. Біздің апарып жатқанымызға биыл балық қосылған. Көлемі екі есе көбейді. 67 тонна, қазір 120 тонна балық жібердік.
Жалпы тараптар тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен фармацевтикадан бөлек, энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі және туризм салаларында байланысты дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді.
Алқалы һәм тарихи маңызы зор жиын соңында Қазақстан президенті Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанға I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. «Бұл зор құрмет пен ризашылықтың белгісі» - деп атап өтті президент Тоқаев.
Сондай-ақ екі ел арасындағы тығыз достық қатынастардың тағы бір айқын дәлелі ретінде Астана көшелерінің біріне мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Петефидің есімі беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!