Астанада көпқабатты үйді тарақан мен кеміргіштер басып алған
Елордада көпқабатты үйдегі әр пәтердің тұрғыны мысық асырауға мәжбүр. Себебі заңсыз ашылған наубайхананың кесірінен тұтас бір үйді тарақан мен кеміргіштер басып алған. Тұрғындар зиянкестерді дәрілеуден қайран болмаған соң, дүние-мүлкін тастап үдере көшуде.
Автор: Айжан Шамшидин
02.11.2023
Пәтер иелерінің айтуынша, санитария нормасына пысқырып та қарамайтын самсаханамен күрес бірнеше айға созылса да, тіреуі мықты кәсіпкерге тұсау салар ешкім болмай отыр. Тіпті оң-солын ажырата алмайтын енді еңбектеп жүрген балалар, тарақанды жұтып қойып уланып та жатыр екен. КТК тілшісі зиянкестерден көз ашпаған тұрғындарымен тілдесіп қайтты.
Бір кездері ізім-ғайым жоғалып кеткен тарақан қазір Астанада қайта көбейе бастаған. Көпқабатты үйлердің, әсіресе бірінші қабатының тұрғындары бар дүние-мүлкін қоқысқа тастауға мәжбүр. Мәселен, мына пәтердің иесі түрлі әкім қаралар мен министрлерден, шенеуніктер алған алғыс хаттары мен мақтау қағаздарын дәлізге шығарып тасапты. Себебі балалап кеткен бұл зиянкестерді қанша дәрілесе де, зиянкестердің көзін жоя алмай отыр.
Бұл үйлерден қанаттысы бар, түрлі-түстісі бар, айта берсе, сипаты сан түрлі жәндіктердің түр-түрін көресің. Ал олардың қаптауына тұрғындардың айтуынша, жертөледен ашылған самсахана себеп. Жұмысы тек кеш қарая қызатын наубайхананың күндіз есігі тарс жабық. Мұндағы қарашамен де сөйлесуге құлықсыз.
Гүлмира Мәншәріпова:
- Тышқан, тарақан қаптап жүр. Үйде бір жарым жасар балам бар. Соны өлтіреді де, аузына салады. Тамағымызға да араласып кетті. Бүкіл үй болып улау керек. Біреудің ақшасы бар, біреудің ақшасы жоқ. Түнде де қорқынышты, бір жерімізден кіріп, бір жерімізден шыға ма деп. Иісі деген масқара ! Астананың төрінде отырып, қазақша айтқанда, адамдар құрттап жатыр.
Мұндағы жұрт соңғы кезде тышқандарды да іле-шала көзіміз шалатын болды дейді. Жертөледе емес, дәл пәтердің ішінде кеміргіштер емін-еркін қаптап жүр. Тұрғындар тіпті тышқан аулау үшін әр пәтерде бір мысықтан ұстайтын болдық дейді. Ал тазалықтың иісі мұрнына бармайтын наубайхана қызметкерлері өнімдерін пісіруде еш рұқсатсыз газ баллонын пайдалануды шығарыпты.
Юлия Мендецкая:
- Үйіміздегі мысығымыз өткен аптада кәдімгі тышқанды қуалап жүріп ұстап алып, бір бұрышта жеп жатыр екен. Төбе шашым тік тұрды. Бұл масқара ғой! Төменгі қабаттағы самсахананың кесірінен. Ең қатты қорқатыным, олар самсаны газға пісіреді. Ол жарылып кетсе, жауапкершілікті кім мойнына алады?
Осы маңдағы үйлерге жауапты бірлестік төрайымы бұл үйлерді тұтас дәрілемесе, әр пәтерде ішінара дезинфекция жасағаннан пайда жоқ деп отыр. Одан бөлек, зиянкестермен күрес жүргізуді әркімнің қалтасы көтере бермейді. Тұрғындардың айтуынша олар аудандық әкімдіктен бастап, санитария-эпидемиологияны қадағалайтын орталық, төтенше жағдайлар департаментіне хабарласыпты. Бірақ мардымды жауап ала алмаған.
Ділдә Нысанбаева Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы:
- Мен ол жерде көргенім тазалыққа сай болмады. Ескерту жасадым. Жоюға уақыт бердім. Газ баллонын көрдім, лас екенін көрдім, ол жерде кәріз ағатын жері толып тұр екен. Біз оны тазаладық.
Наубайхананың ішін көру үшін оған бас сұғайық деп барған едік. Алайда қыз-қыз қайнаған жұмыс кенеттен күрт тоқтап, есік-терезе тарс құлыпталып, мүлдем жұмыс істемейтін мекеменің кейпін танытты.
Ал наубайхана иесіне әрең дегенде хабарласқандағы жауап мынау болды:
- Газ баллон бар дейді, cол қаншалықты рас? Газ балоны не үшін керек?
- Тоқпен істейді ғой, оның барлығын.
Тұрғындардың шағымына көршілес үйлердің де пәтер иелері үн қосуда. Себебі тез көбейетін жәндіктер мен кеміргіштердің таралу ошағымен күреспесе, тұтас аудан тарақан, тышқанмен түнеуіне мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!