Автогаз тапшылығы қолдан жасалды ма?
Елімізде автогаз тапшылығы тағы сезіле бастады. Петропавлда сұйық отын тек талонмен берілсе, Таразда газ құятын бекеттерде ұзын-сонар кезек. Тіпті төбелесуге дейін барған жүргізушілер, тапшылықтың қолдан жасалып жатқанын айтады.
Автор: Бек Әбиев
06.11.2023
Нұрбол Ділдәбеков, Тараз тұрғыны:
- Үш күн болды жүргеніме. Газ бермейді, барасың, бәрі жемқор боп кеткен бе, не болған? Соған кішкене қарау керек. Үкімет не қарап отыр, мынанша ұзынсонар кезекті жасатып қойып?! Шектеу қойып тастаған, мың теңге, 500 теңгеге береді. Бәрі тек кезекпен ғана кетіп жатыр. Газды кішкене көбейтіңіздер. Елдің бәрі төбелесіп жатыр, ана жақта, бір-бірінің мұрнын сындырып.
Таразда газ құю орындарында ондаған көлік тізіліп тұр. Қаланы шарлап әзер газ тапқандар кезекте тұрып әбден жүйкесі жұқарған. Жанжалдасып, тіпті сұйық отын үшін төбелес жиілепті.
Ал Петропавлда бір айдан бері жоғалған газ бүгін кей жанар-жағармай құю орындарында пайда болыпты. Оның өзінде тек талонмен дейді жүргізушілер. Газ таппай жүргендер «бұл - бағаны көтеру үшін әдейі жасалып отыр» деп есептейді.
Ал энергетика министрлігі «газ жоқ» дегенге мүлдем келіспейді. Бүгіннің өзінде Жамбыл облысына мың тонна , Солтүстік Қазақстанға 586 тонна газ жіберілген.
Қайрат Сатымов, ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібі басқармасының басшысы:
- Аймақтарға газ жоспар бойынша жіберіліп жатыр. Бірақ мәселе оны жеткізуде болуы мүмкін. Мәселен, вагондар кешіктіріліп барып жатыр дегендей. Біздің мақсатымыз — автогазды бөліп беру. Бұл жерде проблема жоқ. Ал бөлінген автогазды тарату жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде. Сондықтан Қазақстанда автогаз тапшы болуы мүмкін емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!