Қайрат Боранбаев бостандықта пробациялық бақылауда болады
Алты жылға сотталып, кейін жазасы жеңілдетілген Қайрат Боранбаев бүгін бостандыққа шықты. Енді ол пробациялық бақылауда болады. Бизнесмен бұған дейін мемлекетке 90 млрд теңгенің активін қайтарған.
Автор: Айжан Шамшидин
06.11.2023
Оның арасында мұнай-кен орны, газ тарату компаниясы, қонақ үйлер мен сауда ойын-сауық кешендері бар. Бұған дейін Боранбаевқа қатысты сот үкімі екі рет өзгеріске ұшыраған-ды. 2022 жылы қамауға алынған кезінде оған әуелі квазимемлекеттік секторда аса ірі мөлшерде қаражат жымқырды деген айып тағылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін ірі көлемде мүлкі тәркіленіп, Астана апелляция соты жазаны жұмсартып, алты жылға қысқартты. Осыдан кейін сотталушы тергеу органдарымен процессуалдық келісім жасап, ірі активтерді бірінен кейін бірін қайтара бастаған болатын. Оның ішінде Астанадағы зәулім қонақ үй, фитнес орталықтар желісі мен мұнай өндіру компаниясын мемлекет есебіне жазды.
Қайрат Боранбаев — Қазақстандағы ықпалды бизнесменнің бірі. Ол Қазақстан, Беларусь пен Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald's жылдам тамақтану желісінің және тағы басқа ірі компаниялардың иесі ретінде көпшілікке танымал.
Берік Бакулин, Ақмола облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:
- Қайрат Боранбаевтың бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырылды. Жазаны ол тұрғылықты мекенжайы бойынша өтейді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сотталғандарды есепке алу үшін пробация қызметіне келу маршруты мен уақыты көрсетіледі. Соған сәйкес, Қайрат Боранбаев ай сайын жеке басын куәләндіріп отыратын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!