Семейде орман өртемекші болған қаскөй іздестіріліп жатыр
Семейде Қарағайлы орманын қасақана өртемекші болған күдікті іздестіріліп жатыр. Қаскөй қалың ормандағы ағаштардың түбіне құрғақ бұтаны үйіп, от қоймақшы болған. Мұны байқап қалған тұрғындар құзырлы орындарға хабарлапты.
Автор: Ұлан Нұрахмет
07.11.2023
Владимир Сулима:
- Бұл түсінікті жағдай. Өрт қоюға алдын ала дайындалған. Мен орманда серуеңдеп жүргенде үйілген бұталардың төрт бесеуін таптым. Оны тез жанатын құрғақ ағаштардан жасап қойған. Әрқайсына көліктің үш доңғалағын қойыпты. Абырой болғанда дер кезінде байқап, алапат өрттің алдын алдық.
Осыдан кейін арнайы тексеріске шыққан мамандар бұталардың қарағайлы орманға қасақана өрт қою үшін дайындағанын анықтады. Себебі қаскөй ну ағаштардың арасын таңдаған. Тіпті жалын бірден қарқын алу үшін жеңіл көліктің доңғалақтарын да жеткізіпті. Орман қызметкерлерінің айтуынша, өртті бір мезетте орманның екі жақ бөлігінен тұтатуға бекінген. Рейд барысында мамандар Семей-Павлодар тасжолындағы орманнан жағуға дайын үш күркені анықтады. Ал қалған үшуі Семей- Бородулиха күре жолындағы орманнан табылып отыр. Олар қолайлы ауа райы мен жел соққанын күткен сыңайлы. Қазір орманшылар жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп күдіктіні іздестіріп жатыр.
Нұржан Бақытбекұлы, «Семей орманы» табиғи орман резерватына қарасты «Қызыл кардон» орманшылығының басшысы:
- Қазір орманды күзету күшейтілді. Құқық қорғау органдарына арыз жазылып, бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Күдікті іздестірілуде. Семей халқынан сұрайтынымыз, осындай фактілер болса телефон нөміріне хабарласуды сұраймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!