{metadescription}
50 жылғы трансформатор. Шымкентте аралдықтар жарықсыз отыр
50 жылғы трансформатор. Шымкентте аралдықтар жарықсыз отыр

50 жылғы трансформатор. Шымкентте аралдықтар жарықсыз отыр

Шымкентте жүздеген тұрғын үй жарыққа жарымай отыр. Себебі теміржол бойындағы баспаналар 50 жыл бұрын қойылған трансформаторға жалғанған. Әбден тозып қараусыз қалған бұл трансформатор жиі бұзылып, ескірген желілер жиі үзіледі екен. Тіпті үш ай бұрын электр сымы 13 жастағы қыздың үстіне түсіп, ол көз жұмған.

Тұрғындар жарыққа жарымай отырғанын жергілікті билікке талай айттық дейді. Бірақ еш нәтиже жоқ. Қараңғыда қалған халықтың жай-күйін КТК тілшісі көріп келді.

«Арал» деп аталып кеткен теміржол бойында орналасқан тұрғындар түнде түнекте отырады. Мұнда электр жарығы бар деген аты ғана. Кернеуі мардымсыз болғандықтан, балауыз, не майшаммен ғана күн көреді. Тұрмыстық техниканы қолдану мүмкін емес.

Зейнеп Ырысбекова:

Қазір мен кіржуғышты қостым, міне, электр энергиясы аз деп жазу шығып тұр. Кір жуа алмай отырмыз. Суды да тарта алмай жатыр.Күндіз де, түнде де жуа алмаймыз. Түнде сағат 2-де, 3-те тұрып, таңға дейін жуып алуға тырысамын. Сағат 7-жарымнан бастап шамасы келмей қалады.

Бірақ тұрғындар ай сайын жарыққа 10 мың теңгедей ақы төлейді. Бұл аздай, жарық жыпылықтаған сайын шамдар мен электроника күйіп кетеді екен. Істен шыққан тұрмыстық техникасын жұрт басқа мақсатта пайдалануға үйренген.

Фатима Әбдірайымова:

Тоңазытқышты шкаф ретінде қолданбаймыз. Жазда мүлдем, аты бар да, заты жоқ. Бірекеуі күйіп кеткен, оны металлоломға өткізіп жібердік, Кондиционер алғанбыз, ол да жұмыс істемейді. Электрэнергиясы жетпейді деді.

Сапасыз жарыққа әбден тозығы жеткен электр желісі себеп. 50 жыл бұрын тұрғындар өзі қойған ағаш бағаналар шіріп құлағалы тұрса, сымдары үп еткен желге үзіледі. Ал көне трансформатордың көрінісінен адам шошиды. 

200-ден астам отбасы электрді қойылғанына жарты ғасыр болған трансформатордан алады. Бірақ тұрғын үйдің ауласында тұрған ескі құрылғы ай сайын өртеніп істен шығады. Жиі жарықсыз қалатын жұрт өздері ақша жинап, осы трансформаторды жөндеп әуреге түседі.

Трансорматор мен үзілген желілер өте қауіпті дейді тұрғындар. Мәселен үш ай бұрын көршінің қызын тоқ соғып өлтіріпті.

Манзура Рүстемова, Шымкент қаласының тұрғыны:

3 шамасында мына көршім, жан көршім тиіп тұрған светтің фазасынан үзіліп түскеніне байланысты қызының шашына тиіп қыз насмерть кетті. Оны бәрі біледі, әкімшілік біледі, полиция бәрі біледі. Міне жақында көп ұзамай, 13 жасар қыз. Сым үзіліп кетті сол кезде. Яғни, қаншалықты жиі үзіледі сым? Сым аптасына үзіліп тұрады бізде.

Тұрғындар аудандық жарыққа жауапты мекемеден бастап, әкімдікке дейін жылдар бойы хат жазғандарын айтады. Алайда, мәселе зерделеніп жатыр дегеннен басқа жауап болмапты. Ал, жарықпен қамтуы тиіс мекеме мамандары болса электр жүйелеріннен шошып отыр.

Рақымжан Әшімов, "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС Еңбекші аудандық электр желілерінің қызметкері:

Бұларды ауыстыру қажет етеді бұның бәрі. Бұларға шығу да, жұмыс жасау да өте қауіпті. Тұрғындарға да қауіпті, ауыстыру керек. Бұны біздің мекеме емес, бұл линиялар бесхозный боп танылған қазіргі таңда. Ол жөнінде әкімшілікте ЖКХ бөлімінде солар қабылдап алып, солар жаңартып істеуі керек. Содан біздің құзырымызға өткізуі керек.

Аудандық әкімдіктен келген шенеуніктер энергетика басқармасына хатты қарша боратқанымен әлі өзімізге де жауап келген жоқ дейді. Ескі желілерді жаңартып, жауапты мекемеге өткізуі тиіс энергетика басқармасы мәселені ел алдына келіп түсіндірмек түгілі, телефонмен жауап бере алмай басын алып қашты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

01 ақпан

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде