«Болашақ»: 270 түлек Қазақстанға оралмаған
«Болашақпен» шет ел асқан 270 түлек Қазақстанға оралмаған. Мемлекеттік бағдарлама арқылы білім алғандар соңғы кезде стипендияны шетелге билет ретінде қарастыратын болған деп сынады бүгін сенатор Андрей Лукин.
Автор: Айжан Шамшидин
09.11.2023
Үкімет басшысына жолданған депуттатық сауалында Лукин қап-қап қаражаттың тиімсіз игеріліп жатқанын айтқан. Ғылым және жоғары білім министрлігі грантты оңды-солды үлестіріп, шет ел асқан стипендианттың білім алу-алмауын жөнді қадағаламайды дейді сенатор. Бағдарлама іске қосылған отыз жылда түлектердің елге оралып, мамандығы бойынша үздіксіз еңбек етуінде талай олқылық тіркелген. Шәкіртақыдан қағылғандардың мемлекет алдындағы берешегі алты жарым миллиардқа жеткен.
Андрей Лукин Сенат депутаты:
- Кепілге қойылған мүлікті заңсыз алып тастау фактілері де бар. Ал ереже бойынша стипендиат барлық шарт міндеттемелерін орындағаннан кейін ғана алуға болады. Алайда осыған қарамастан, орталықтың бұрынғы басшылығы міндеттемелерді орындамаған түлектер бойынша кепілдікті алып тастау туралы шешім қабылдады. Ал оларды оқытуға жұмсалған шығын 100 млн теңгеден асқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!