Ақтөбеде қаржы пирамидасымен төрт жарым мыңнан аса адамды алдағандар сотталды
Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрып, төрт жарым мыңнан аса адамды алдаған екі адам сотталды. Мейірхан Сақтағанов пен Айдос Кәлімбетов ҚР Қылмыстық кодекстің төрт бірдей бабы бойынша айтыпталды.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.11.2023
Олар «Выгодный займ», «Гарант 24 ломбард», «Эстейт Ломбард» деп аталған қаржы ұйымдарының құрылтайшылары. Тұрғындардың сеніміне кіріп, Ақтөбе облысында үш мыңнан аса, Қызылордадан мыңнан аса адамның қалтасын қаққан. Тұрғындар 25 мың теңгеден бастап, 62 миллион 672 мың теңге аралығында қаржы салыпты. Жалпы шығын 4 миллиард теңгені құрап отыр. Сот алданған тұрғындарға қаржыны толық өтеуді үкім етті. Ал айыпталушы Сақтағанов 11, Кәлімбетов 9 жылға бас бостандығынан айрылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді. Сондай-ақ 7 жыл бойы қаржы және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқара алмайды.
Саят Тәшімбаев, Ақтөбе сотының судьясы:
- Сотталушылардың жазасын өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін.Оған дейін Сақтағанов пен Кәлімбетовке қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!