Семейде бозбала зейнеткерлерді алдап, 24 миллионды қалтасына басқан
Семейде зейнеткерлерді алдап келген азамат ұсталды. Қолға түскен 19 жастағы жігіт 24 млн. теңгені алаяқтықпен қалтаға басқан.
Автор: Ұлан Нұрахмет
09.11.2023
Арам ойын жүзеге асыру үшін жігіт ғаламтордан ересек балалары бар зейнеткерлер туралы мәлімет жинаған. Содан кейін оларға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қызы немесе ұлы жол апатына себепкер боп, қамауға алынғанын хабарлап, баласын абақтыдан босату үшін зейнеткерлерден ақша талап еткен. Сендіру үшін көмек сұрап, ұлы немесе қызының дауысын салып тілдесіпті. Осылайша жас жігіт 15 күннің ішінде алты зейнеткерді сан соқтырып кеткен. Оның қалтасын қаққандардың ішінде 7 млн. теңгесін ұстатып жібергендер де бар. Ақшаны курьер арқылы алып отырған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Шалқар Құнанбаев, Абай облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы:
- Тұрғылықты жері бойынша тінткен кезде ірі ақша, ақша аудармаларының түбіртектері табылды. Мессенджермен, хатхабарламалар болған ұялы телефон тәркіленді. Сондай-ақ жігіттің нұсқауларға сәйкес әрекет еткені анықталды. Қазір осы қылмысқа қатысы бар басқа адамдар анықталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!