Қазақстан-Ресей: $100 миллионның келісімшарттарына қол қойылды
Тарихи сапар. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентінің Қазақстанға жасаған ресми сапарына осындай баға берді. Қос ел басшысы бүгін түс ауа Қостанайда өткен өңіраралық форумға онлайн қосылды. Екі елдің іскер азаматтарының қатысуымен өткен ауқымды жиынның қос тарапқа да берері мол. Сауда, ауыл шаруашылығы, уран, мұнай-газ саласында алыс-берісі үзілмеген серіктестер осы жолы тағы 100 миллион долларлық құжаттарға қол қойды.
Автор: Айғаным Достанбай
09.11.2023
Өткен аптадан бері шет ел меймандарын күтуден қолы босамай жатқан сол жағалау бүгін тағы бір қонақты қарсы алды. Бірақ бүгінгісі алыстан емес, құдайы көршіміз. Мәртебелі мейман келгенше біздің министрлердің біразы жиналып үлгерді. Бұл дегеніміз, Ресеймен бірқатар салада келісімшарттар жасалуы бек мүмкін. Жиналғандар арасынан өткен жазда ғана Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тағайындалған Дәурен Абаевты да көзіміз шалды.
Екі елдің басшысы биыл бесінші мәрте кездесіп отыр. Осыдан бір ай бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге сапарлап барған. Бүгін Ресей президентін мемлекет басшысының өзі әуежайға барып қарсы алды. Негізі Владимир Путиннің лидерлермен кездесуде үнемі кешігіп жүретін әдеті бар. Бұл жолы да сол дәстүрден жаңылмай, Ақордадағы салтанатты рәсім 40 минутқа кеш басталды.
Ресей президентінің Қазақстанға келгендегі басты себебі Қостанайда өтетін XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу болған. Бірақ қос ел басшысы жиынға онлайн форматта қатысатын болып, шешімдерін кеше өзгертті. Салтанатты шарадан соң көп кідірместен, Тоқаев пен Путин форумға видеобайланыс арқылы қосылды.
Ресеймен талайдан бері түрлі салада серіктеспіз. Дегенмен Қазақстан президенті көрші мемлекетпен қарым-қатынастың деңгейін жіліктеп шықты. Әсіресе форумның астықты өлке — Қостанайда өтіп жатқаны тегіннен-тегін емес, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бүгінгі форумның астықты өңір — Қостанай облысында өтіп жатқаны зор мәнге ие. Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімінің ірі өндірушісі саналады және астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Сондай-ақ әлемдегі егістік алқаптарының шамамен 10 пайызы, жайылымдық және шабындық жерлердің 9 пайызы осы екі мемлекетке тиесілі. Қазақстанда соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі екі еседен астам ұлғайды. Аталған саладағы өнім экспорты екі есе артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде бұл бағыттағы өнімдеріміз әлемнің 80 еліне жеткізіледі.
Владимир Путин өз кезегінде форумындағы сөйлеген сөзінде Ресей Федерациясы Қазақстан нарығын қазіргідей ауыл шаруашылығы өнімдерімен және азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Жалпы, бізде 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктің екіжақты тауар айналымы 22 пайызға артып, төрт миллиард долларға жетті, осы жылдың алғашқы жеті айында тағы үш пайызға өсті. Ал біздің еліміз Қазақстандағы әріптестеріміз бен достарымыздың қажетіне қарай, Қазақстан нарығын осы және басқа да көптеген қажетті азық-түлік түрлерімен үздіксіз қамтамасыз етуге ниетті.
Соңғы үш жылда Ресеймен тауар айналымының көлемі 30 пайыздан астам өскен. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық 17 миллиард долларды құрады. Ауыз толтырып айтарлық сандар бұл ғана емес. Жалпы сомасы 33 миллиард доллардан асатын 143 жоба жүзеге асырылуда. Оның 140 жобасы Қазақстан аумағында орналасқан. Одан бөлек инвестиция бойынша серіктестік, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық...осылай кете береді. Қысқасы, тараптар достық-серіктесті қарым қатынасты арттыруға мүдделі.
Айтпақшы, форумда Серік Жұманғарин Ресейдің қатысуымен Қазақстанда үш жылу электр орталығы салынатынын, тиісті құжатарға бүгін қол қойылатынын айтты.
Серік Жұманғарин, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
- Ресей тарапының Қазақстандағы үш ЖЭО жобаларын жүзеге асыруға қатысуы туралы тиісті құжатқа бүгін қол қойылады, қол қоямыз деп күтеміз. Біз елдер арасындағы әуе қатынасын кеңейтеміз. Атап айтқанда, QAZAQ AIR әуе компаниясының Новосібір және Челябі қалаларына ұшатын рейстерінің саны келісілді.
Мемлекет басшысы су ресурстарының тапшылығы Қазақстанда үлкен проблеманың бірі екен айтып, өзекті мәселемен бірлесе күресуге шақырды. Путиннің бұл жолғы сапарына «тарихи» деген баға беріп, бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды.
Ресей президентінің Қазақстанға сапары бір күнге ғана жоспарланған. Форум аясында 100 миллион доллардың келісімшарттарына қол қойылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!