Саусақ ізін тапсыру ерікті түрде жүргізіледі
Саусақ іздерін тапсыруға ешкімді мәжбүрлемейді. Бұл процесс ерікті түрде жүргізілетін болады. Ішкі істер министрлігі әуелдегі шешімінен айнып, тиісті құжатқа өзгерістер енгізді.
Автор: Айғаным Достанбай
10.11.2023
Сәкен Сәрсенов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
— Бүгінде шешім қабылданып, заң жобасына 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың саусақ ізін ерікті түрде тіркеу мүмкіндігін қарастыратын түзетулер енгізіліп жатыр. Шетелдіктер үшін дактилоскопия шекарадан өту кезінде міндетті болып қала береді, бірақ ел ішінде құжат рәсімдеу кезінде ол ерікті болады.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтардан саусақ ізі алынады. Ол үшін арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, сабылып кезек күтудің қажеті жоқ. Паппилярлық өрнектер жеке куәлік пен паспортты алмастыру уақыты тақалғанда алынатын болады. 12 жасқа дейінгі балалардан саусақ ізі алынбайды. Саусақтары жоқ, кемтар азаматтар да бұл рәсімнен босатылған. Ал 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге таңдау құқығы берілген. Қазақстанға уақытша кірген шетел азаматы да дактилоскопиялық тексеруден өтеді.
Жалпы бұл бастама ең әуелі криминалистер жұмысын жеңілдетпекші. Ішкі істер министрлігі адам жоғалған жағдайда, я түрі танымастай өзгерген сәтте жеке басын анықтауға мүмкіндік береді деп отыр. Саусақ ізін алу процедурасы адам өмірінде бір-ақ рет өткізіледі. Және оны тапсыру-тапсырмау туралы шешімді әркім өзі қабылдайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!