«Не орнымыз, не ақшамыз жоқ». Алтын орда базарында тағы шу шықты
«Не орнымыз, не ақшамыз жоқ». Алматы облысындағы «Алтын орда» базарында кезекті шу шықты. Бір топ саудагер жаңа павильонға миллиондап қаржысын құйғанмен, басшылық ауысып кетіп, біз далада қалдық дейді. Өйткені құрылыс тұралап қалған. Ал салған ақшасын бұрынғы басшылық қайтармай отыр деп шағымданады. Полицияға да арыз жазған, бірақ тергеу жүріп жатқанын байқамадық дейді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
10.11.2023
«Алтын орда» аумағында басталған құрылыстың қазіргі сиқы осы. «Барымызды құйдық» деген саудагерлердің айтуынша, қысқа дейін аяқталуға тиіс болған. Алайда басшылық ауысып кетіп, жаздан бері тұралаған. Ал бұрынғы директор алған ақшамызды қайтармады деп қапаланып отыр.
Әлия Көшбеспаева, кәсіпкер:
— Біз Маржан деген кассирге бердік. Ол Данияр Әлпиевтің кассирі болады. Сол кісіге ақшаны тапсырдық. Бұл жақта 300 адам бутикке ақша құйған. Жалпы 450 бутик сатылған екен. Орташа бұл жақта 4 миллионнан құйған. Мен 23,5 миллион теңге құйдым. Әпкем 18 миллион құйды. Сол сияқты 9,8 миллион . 1 миллиард 600 миллион теңге ақша жинаған.
«Қарызға батып, қауғаланып қаржы құйдық» дегендердің көбі қазір жұмыссыз жүргенін айтады. «Ақшамызды қайтарсын» деп Қарасай аудандық полициясына да бірнеше ай бұрын шағымданған. Алайда әлі нәтижесін көрмедік дейді.
Райхан Айдарбаева, кәсіпкер:
— Берілген чектердің бәрінің көшірмесін алып жатыр. Бірақ та прокуратурадан да, Қарасай ауданының сот орындары да ешқандай іс қозғамай жатыр. Әлпиевке қатысты. Құрылысты нөмір бірінші компания мойнына алып отыр. Осы бутиктер салынса, қыздар орнын алса деген ойдамыз.
Жаңа келген басшылық құрылысты жалғастыруға қайта кірісіп жатырмыз дейді. Бұрынғы құрылыс компаниясымен келісімшарт бұзылып, басқасымен уағдаласыпты.
Ізбазар Өтеулин, "Алтын орда" базары атқарушы компаниясының заңгері:
— Қазір құрылыс қанша пайызға жүргізілді, қандай құрылыс материалымен істелгені туралы смета құжаттарын дайындау аяқталды. Енді құрылыс қолға алынып, енді бұл меншік иесінің өз қалтасынан төленіп, өзі құрылысты аяқтауға кепілдік берді.
Ал миллиондаған ақшамызды қалтасына басты деген бұрынғы басшы Данияр Әлпиевтің адвокатының бұл мәселедегі пікірі бөлек. Айтуынша, бұл даудың құқықтық негізі жоқ. Келісімшарт біржақты бұзылды дейді.
Әлібек Алмабаев, заңгер:
— Ол ақшаның бәрі тікелей, яғни Әлпиевтің меншігіндегі «Алтын орда ню компани» компаниясы есепшотынан банк жүйесіменен «Компания номер один» ЖШС есепшотына түгел келіп түскен. Яғни оны Әлпиев алып қашып кеткен жоқ. Оны тығып алып қалған жоқ. Бұл сонымен расталып тұр.
Даулы мәселеде саудагерлердің жазған арызы қазір Қарасай ауданы полиция бөлімінде қаралып жатыр. Алматы облысы полициясы істің тіркелгенін жеткізді. Мәселенің мән-жайын құзырлы орган анықтайды. «Миллиондаған теңгеміз кетті» деген саудагерлер енді бұл даудың бір жақты болғанын күтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!