«Бишімбаевтай арда азаматпен бас қосқан менің маңдайымдағы бағым, сірә, бес елі» ...
Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын ресми растады. Басы даудан арылмаған бұрынғы Ұлттық экономика министрі бұл жолы әйелін өлімші етіп сабап, өлтіріп қойды деген күдікке ілініп отыр. Астананың ең элиталы мейрамханалардың бірінде болған оқиға қоғамды кешеден бері дүр сілкіндірді. Небәрі бір жыл бұрын ғана отау құрған жұбайлардың жанжалдасуына не себеп екені әзірге беймәлім.
Автор: Айжан Шамшидин
10.11.2023
Белгілісі, қазір марқұмның денесі туыстарына Павлодар қаласына жөнелтілген. Ал экс-министр тергеу изоляторына қамалған.
Бұл видео бір жыл бұрынғы экс-министр Қуандық Бишімбаев пен келіншегі Салтанат Нүкенованың тойынан үзінді. Қос ғашық үлкендердің батасын алып, махаббаттан бал-бұл жайнап тұрған сәті. Әлеуметтік желідегі парақшасында «Бишімбаевтай арда азаматпен бас қосқан менің маңдайдағы бағым, сірә, бес елі» деп те жазба қалдырған. Қарасаң, көркіне көз тоймайтын талдырмаш Салтанат жұрттың жұлдызнамасына қарап болашағын бағдарлап жүрген. Небәрі 36 жасында министр орынтағына отырған Бишімбаевпен осындай сеанстардың бірінде танысыпты. Дегенмен араға уақыт салып, күйеуінің қолынан қаза табатынын болжай алмапты.
Сәкен Сәрсенов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
— Қуандық Бишімбаев ұсталды, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қалған жайттарға түсініктеме бере алмаймын. Жұмыс барысында қосымша ақпарат беріледі.
Жүзін көрсетіп сұхбат беруден бас тартқан мейрамхана қызметкерлері кешқұрым жанжалдың басталарын бірден сездік дейді. Ешкімге жақ ашпаған мейрамхана басшылығы ғимаратты техникалық ақауларға байланысты жабамыз деп, дереу барлығын қайтарған.
— Қайғылы жағдай күні кеше Астананың қақ төріндегі дәл осы «БАУ» мейрамханасының вип-кабинкасында болған. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның 31 жастағы келіншегі Салтанат Нүкенова бұл жерде бұған дейін де жиі уақыт өткізіп жүрген екен. Мейрамхана қызметкерлері ерлі-зайыптылардың арасында жанжал болғанын тіптен естімедік, білмедік деп отыр. Қазір мейрамхана есігі тарс жабық. Қызыл лентамен қоршап қойған. Полиция іште тінту-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жәдел жәрдем қызметіне алғаш болып мейрамхананың даяшысы хабарласқан. Көп ұзамай жеткен дәрігерлер, шамамен 10 минутта ғимарат ішінен көз жұмған Салтанат Нүкенованың денесін шығарады.
Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы :
— 9 қараша, жергілікті сағат 19:54-те жедел жәрдем қызметіне телефон қоңырауы түсті. Бригада келген бойда алғашқы көмек көрсеткісі келген еді. Алайда 1992 жылғы азаматша дәрігерлер келгенше қайтыс болып кеткені анықталды. Денесі полиция департаментіне өткізілді.
Куәгерлердің айтуынша, полиция департаменті экс-министрді бірден мас күйінде ұстаған. Қазнетте өлімнің себебі туралы сан-саққа жүгірген түрлі пікірлерді байқауға болады. Бірі Бишімбаев әйелін ауыр затпен соққаннан сұлап түскен десе, бірі өлімші етіп, адам танымастай сабаған дейді.
Бір кездері экономиканың шылбырын ұстаған министрге қатысты кісі өлтіру бабы бойынша іс қозғалыпты. Дүр сілкіндірген жаңалыққа Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та үн қатты. Ол әйеліне қорлық көрсеткендерді шені мен лауазымына қарамай, аямаймыз деп отыр.
Мәулен Әшімбаев , Сенат төрағасы:
— Егер заңнаманы қатайту керек болса, біз оған дайынбыз. Біз бұған дейін жасадық қой ,бұл мәселені. Егер әрі қарай, керек болса, біз қоғаммен ақылдаса отырып, мамандармен қадамдарға барамыз.
Марқұм Салтанат Нүкенова Бишімбаевтың екінші жары. Үш бала тәрбиелеп отырған бәйбішесі Назым Бишімбаевамен ол 2019 жылы бостандыққа шыға салып ресми ажырысқан. Көз жұмған Нүкенова Павлодар қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Нүкеновтің жиені екені де бүгін мәлім болды. Хабарласып көрген едік, қайғыдан қан жұтып отырған отбасы «сөйлесуге де шамамыз жоқ» деп қысқа қайырды.
Қайрат Нүкенов , Павлодар қаласының экс-әкімі :
— Қазір ешнәрсе сіздерге айта алмаймын. Қиын жағдай, көп рахмет...
Іс орта жолдан тоқтамаса, жұдырығы жуан экс-министр 8 жылдан 15 жылға дейін түрмеге тоғытылуы бек мүмкін. «Болашақтың» үздік түлегі, ең жас министр атанған Бишімбаев 2018 жылы жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған-ды. Тергеу оны Қызылордадағы әйнек зауытына бөлінген қаржыдан бір миллиард теңге жымқырған деп айыптаған. Кейін ол рақымшылыққа ілігіп, екі жылдан кейін бостандыққа шықты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!