Қоғам үні: Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатаңдатылсын
«Бұл — ұлт трагедиясы!» деп, Қуандық Бишімбаев өз әйелін аяусыз ұрып өлтірген соң, әлеуметтік желіде қыз-келіншектер тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдатуды сұраған жазба көбейді. Осыған байланысты отандық жұлдыздар да үнсіз қалмады. Тіпті өнердегі ер-азаматтар да «қыздарымызды қорғау керек» деп, әлеуметтік желіде жұдырығы жуан еркектердің әрекетін сынап жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
13.11.2023
Қайғылы жағдайға қатысты алғашқылардың бірі болып белгілі продюсер Баян Алагөзова үн қатқан. Өзі де 7 жыл бұрын бір өлімнен қалған актриса дәл осындай тақырыпқа келгенде тосылып қалған кезі жоқ. Үнемі бұл жалғыз ғана әйелдің емес, қазіргі қазақ қоғамының қотыры екенін айтудан еш жалықпайды.
Әлеуметтік желіде зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауды сұраған қыздардың видеосы тарады. Олар әйеліне жұдырық ала жүгіріп, көк ала қойдай сабайтын азаматтарды мемлекет қатаң жазаласын деп талап етеді. Қазақи тәрбие мен отбасы құндылықтары туралы көп жазып, жұбайымен көзсүйсінер видеолармен жиі бөлісетін әнші Сәкен Майғазиев та ер азаматтың әйелге күш қолдануын ұят қылыққа теңеді. «МұзАРТ» әншісі инстаграм парақшасында жігіттердің асып-тасып бара жатқан күшін әйел сабауға емес, игі іске жұмсауға шақырды.
Сәкен Майғазиев, әнші:
— Өзіміз қатыгезбіз. Алайда күйеу балаларымыздың қарындастарымыз бен қыздарымызға жұмсақ болғанын қалаймыз. Неге?!
Мен білетін азаматтардың 80 пайызы отбасымен жақсы қарым-қатынаста. Құрметті қалған 20 % жігіттер, бәріміз қосылып 100 % болып, нәзік жанды аруларымызды алақанымызда аялап жүрейікші.
Баян Алагөзова, продюсер:
— Елімізде әрбір екінші отбасында әйелдер зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады. Мұны қалыпты жағдай деп санайды. Өйткені өзі сондай отбасында тәрбиеленген. Бұл — модель. Бізде бәрі "әйел өзі кінәлі, «ойбай, ұят болады, бұл отбасылық мәселе, араласпаңдар» деп жатады. Бұл жеке мәселе емес — ұлт трагедиясы. Сондықтан мұндай жағдайларды айтуымыз керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!