«Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасының жаңа үлгісі таныстырылды
«Туыстарының атынан компания аша салады». Қаржы министрінің орынбасары мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасының жаңа үлгісін депутаттарға әкеп таныстырды. «Саладағы басты проблемалардың бірі — мердігер компаниялардың жауапсыздығы» - дейді вице-министр. Құрылысты кешіктіріп немесе сапасыз тапсырған мердігерлерді министрлік қара тізімге қосқанымен, олардан айла-шарғы артылмай отыр.
Автор: Айғаным Достанбай
13.11.2023
Дәурен Кеңбейіл, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
— Жауапсыз мердігерлер — біздің бас ауыртатын проблемаларымыздың бірі. Біз оларды екі жылға "кіргіземіз". Қазіргі жаңашылдықтың бірі —егер біз жосықсыз тауар жеткізушімен бірге құрылтайшысын да, бас директорын да екі жылға кіргіздік. Бірақ біз жауапсыз мердігерді тізімге кіргізсек, ол қарындасының немесе анасының атынан компания ашады. Біз оларға заң жүзінде қалай тосқауыл қоямыз?
Жалпы алғанда елімізде мемлекеттік сатып алу жүйесі май-шелпекке айналғаны жасырын емес. Президент те қыркүйектегі Жолдауында салаға ауқымды өзгерістің керек екенін айтып арнайы тапсырма берген. Вице-министр өзі таныстырған заң жобасы сатып алу процесін жеңілдетуге, қысқартуға және бағадан сапаның басымдығын қамтамасыз етеді дегенімен, депутаттарды бұл уәжге сендіре алмады. Мәжілісмендер заң жобасы әлі де шикі, ұсыныстар жұмыс тобында ескерілуі керек деген тоқтамға келді. Құжатта бір көзден сатып алуды тежеудің нақты жолы көрсетілмеген. Құрылыс нарығын монополиясыздандырумен күрес әлсіз. Мәселен, «ГрадстройСервис» компаниясы республика бойынша бірнеше әлеуметтік жобаны уақытынан кеш тапсырған.
Анас Баққожаев, Мәжіліс депутаты:
— «Әлем мойындаған керемет жүйе» деп, ол сіздер үшін шығар, мен үшін олай емес. Неге? Мемлекеттік сатып алу заңының негізгі мақсаты —қаражатты үнемдеу. Міне , мен сізге айтайын, қызанақтиың бағасы 800 теңге, квазимемлекеттік компания қойғаны — 1800 теңге. Не деген қызанақ сонда?! Бір министрліктің орындығы бір баға, басқа министрлікте басқа баға! Сонда ана министрліктің басқа министрге қарағанда жұмсақ орындықта отыруы керек пе?
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!