Адвокат: Марат Күштібаевтың қызды қорлағанын дәлелдейтін айғақ жеткілікті
Талдықорғандағы полиция басқармасы бастығының кабинетінде зорланған қыздың адвокаты оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Ол Марат Күштібаевтың 27 жастағы әйелді қорлағанын дәлелдейтін айғақтар жеткілікті деп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.11.2023
Адвокат Нұрлан Молбаевқа жәбірленуші жексенбі күні хабарласыпты. Оқиғаның қалай болғанын айтып құқықтық көмек сұраған. Осыдан кейін ол басқарма бастығының басынғанын айтып, дереу ішкі істер министрлігінің қауіпсіздік қызметіне шағымданады. Айналдырған бірер сағат ішінде бастықтың кабинетіне тінту жасалып, айғақтар алынған. Сараптама да жасалған.
Ал жәбірленушінің қоғамдық тыныштықты бұзғаны үшін полиция бөлімшесіне жеткізілгенін адвокат жоққа шығарып отыр. Керсінше, 27 жастағы жәбірленушіні тыныштықты бұзған басқа адамға қарсы шағым жаздыру үшін басқармаға әкелген екен. Бірақ бастық күш қолданып, оны өз кабинетінде зорлаған. Қазір ауыр айып тағылған Марат Күштібаев тергеу абақтысында отыр. Осы қылмысқа қатысты тергеу ішкі істер министрінің тікелей бақылауында.
Нұрлан Молбаев, адвокат:
— Кабинетті қарап, тінткен кезде барлық айғақ зат алынды. Сараптама да жасалды. Күдікті қамауда отыр. Ал менің қорғауымдағы жәбірленуші ешқандай заң бұзбаған. Хаттама да толтырылмады. Керсінше, оған басқа адамның қоғамдық тыныштықты бұзғаны үшін полиция қызметкерлері «арыз жаз» деп өтініш білдірген. Ал ол бас тартқан. Зорлықтың кабинетте болғаны рас.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!