{metadescription}
Астанада рұқсат құжаты жоқ үйлер сүріле бастады
Астанада рұқсат құжаты жоқ үйлер сүріле бастады

Астанада рұқсат құжаты жоқ үйлер сүріле бастады

Астанада рұқсат құжаты жоқ тұрғын үйлерді сүру басталды. Осыған дейін әкімдік қала прокуратурасымен бірлесе «Көктөбе» тұрғын үй кешенінің құрылысын бастамай жатып тоқтатқан. Бірнеше ескертуге қарамастан, мердігер ұйым 12 қабатты көппәтерлі үйдің бірінші қабатының іргетасын қалап үлгерген. Сот үкімі шыққан соң, тұрғын үйді толық сүру туралы шешім қабылданып, нысан жермен-жексен болды.

Елордада заңсыз құрылыстың жолын кесу мәселесі талай жылдан өзекті. Одан бері бас қаланы кім басқармады десеңізші. Тіпті қай құрылысқа, қай әкімнің тұсында рұқсат берілгені әлі күнге даулы проблема. Қош. Әйтеуір белгілісі, осы көктемде Астана әкімдігі қалада 76 компанияның қара тізімін жариялаған. Арсында «мен» деген есімі небір дөкейлермен байланысты мердігер ұйымдар бар. Олардың әрқайсысында түрлі проблема. Бірінің құжаты түгел емес, өзгесі жер телімін заңсыз иемденгенімен қоймай, құрылысты бастап кеткен. Әкімдік қазір оларды шет-шетінен сот залына сүйреп әлек.

Қазымбек Асхатов, Астана қаласы, Орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы:

Тексеру жүргізіліп жатыр. Сот шешімі шыққан тұрғын үйлер жоқ әлі. Бірақ қарқынды жұмыс істеп жатырмыз, мұндай заңсыз құрылыстармен. Бізде талап бұрынғыдай, барлық құжат заңды ,түгел болғаны дұрыс. Және де сапалы салынуы. Жер телімін сатып алып, құрылысқа нақты құжаттарды түгелдеп, біздің басқарманы хабарландыруы керек.

Бүгін дәл осылай заңсыз салынып жатқан тұрғын үйлердің бірін әкімдік жермен-жексен етті. Себебі мердігер компания бірнеше заңбұзушылыққа барған. Біріншіден, жер телімін толық сатып алмастан көпқабатты тұрғын үйдің іргетасын қалап қойған. Оның үстіне бұдан әкімдіктің өзі бейхабар көрінеді. Одан қалды сарапшылар тексеріс жүргізіп, үй сапасынан кінәрат тапқан.

Қазымбек Асхатов, Астана қаласы, Орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы:

Астана қаласы прокуратурасымен және біздің басқармамен осы нысан бойынша жоспардан тыс жұмыс жүргізілген болатын. Тексеру нәтижесінде құрылыс салушының құрылысқа рұқсат құжаттамасы жоқ деп, хаттама толтырылды. Және нұсқама берілді. Және де бұл нысанды салған бас мердігерге айыппұл тағылып, эксплутацияға жарамайтыны жөнінде нұсқама берілген болатын. Және бірінші санаттағы лицензиясынан айырылды.

Астана қалалық Әділет департаменті қазір 25 нысанның құрылысын арнайы мөрмен тоқтатып қойған. Мердігер ұйымдарға хабарлама жіберіп, сот шешімін орындау бойынша жұмыс атқарылып жатқан көрінеді. Заң талабы орындалмаған жайдайда, 25 тұрғын үй кешенін бүгінгі "Көктөбенің" күйі күтіп тұр.

Азамат Бердібеков, Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары:

Қазір заңсыз салынған құрылыстардың жұмысын тоқтату бойынша барлығы әділет департаментіне 58 атқару өндіріс бар. Оның 25 атқару өндірісі бойынша заңсыз салынып жатқан құрылысы сот орындаушыларының мөрленген қағазымен тоқтатылған. 33 атқару өндірісіне қатысты қазір хабарлама жіберіліп, сот шешімін орындау үшін жұмыс жүріп жатыр. Егер сот шешімі сот орындаушысының хабарламасынан кейін орындалмаған жағдайда ,әрине , мәжбүрлі түрде орындау шарасы қолданылады.

Не құжаты жоқ, не рұқсаты жоқ құрылыс нысандарынан қаланы тазарту алдағы уақытта да жалғасын табады деп отыр әкімдік өкілі. Қазір бірнеше шағым сот қарауында жатыр. Шешім шыққаннан кейін, дәл бүгінгідей бұза бастайды. Абырой болғанда бүгін сүрілген «Көктөбе» тұрғын үйіне ешқандай үлескер қаражатын салмаған екен. Компания құрылысқа бастан-аяқ өз ақшасын жұмсамақ болған. Дегенмен мамандар құрылысқа тұрғындардың қаражаты тартылған жағдайда қандай шешім қарастырып отырғанын кесіп айта алмады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде