Шымкентте қылмыстық топ кәсіпкерлерді бопсалап, мал-мүлкін иемденген
Шымкентте кәсіпкерлерді бопсалаған қылмыстық топ ұсталды. Он адамнан тұратын күдіктілер жылдар бойы қалталы азаматтарды қорқытып ақшасын алып, мал-мүлкін иемденген.
Автор: Бек Әбиев
14.11.2023
Арнайы жасақ қарақшыларды көлікте отырған жерінде тырп еткізбеді. Тінту кезінде олардан төрт қару, оқ-дәрі мен есірткі заттары табылды. Кәсіпкерлерді қан қақсатып келгендер 20 - 40 жас аралығындағы жігіттер. Көпшілігі осыған дейін қылмыс жасағаны үшін түрмеде отырып шыққаны да белгілі болды. Қазір қылмыстық топтың серкелері қамауға алынып, оларға қатысты бірнеше баппен іс қозғалып, тергеу басталды.
Құдияр Нұрсейітов, Шымкент ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары:
— Ұсталғандар ұзақ уақыт бойы жергілікті екі кәсіпкерді қорқыту және күш қолдану арқылы ақша бопсалап, автокөліктерін заңсыз иемденіп алған. Олардан төрт атыс қаруы мен оқ-дәрілер, есірткі құралдары және де өзге де заттар тәркіленді. Полицияға он адам жеткізіліп, төртеуі қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!