Қызылша күрт көбейіп, жұрт вакцина салдыруға ағылып жатыр
Елімізде баласына екпе салдыруға қарсы ата-ана саны азая бастады. Қызылша ауруы күрт көбейіп, жұрт жаппай емхананы жағалап жүр. Бұрын вакцинадан бас тартатындардың дені діни сенімін алға тартатын еді. Осының кесірінен дерт дендеп, еліміздегі ауруханалар науқастарға толып кетті. Өйткені қызылша жұқтырғандардың басым бөлігі екпе алмағандар. Осыны енді түсініп, вакцина салдыруға ағылып жатыр дейді дәрігерлер.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.11.2023
Жамбыл облысындағы емханалардың бәрінде қызылшаға қарсы екпе алуға келгендердің қарасы көп. Осы уақытқа дейін қарсы болғандар баласын енді алып келіп жатыр. Күз басталғалы жаппай тараған індеттің бөбегіне кесірі тиетінін енді түсініп жатқан сияқты.
Гүлсезім Әндікеева:
— Емханаға қызылшаға қарсы екпе алуға келдік. Өйткені оның салдарын көрдік, жаман деп естіп жатырмыз. Сондықтан да алдын ала қорғау үшін қызымды әкеп, осы екпені енді алып отырмыз. Алдында мүлдем екпе алмағанбыз.
Ақмола облысы бойынша қарашада басталған жаппай иммунизация науқаны кезінде 4122 бала екпе алуы керек. Бірақ қазір соның әлі жартысынан көбі емханаға келмепті. Бұрын бұл аймақта тек дінді желеу еткендер баласына вакцина салдырудан бас тартатын болса, соңғы кездері түрлі ақпаратты оқып алып дәрігер болмаса да, үйде отырып тұжырым жасайтындар көбейген.
Айнагүл Мусина, Ақмола облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:
— Өңірге келген екпе жеткілікті. Тек одан бас тартатын ата-аналармен жұмыс істеп жатырмыз. Дінге қатысты болса, теологтарды шақырамыз. Бірақ соңғы уақытта дін мен сенімге қатысты емес, жеке шешімдерімен қарсы ата-ана көбейді.
Қызылша бір ай бойы Ақтөбе облысында да кең таралды. Тек соңғы аптада ғана қызылшаның таралуы сәл тежелген. Бұған дейін күніне 25 бала індет жұқтырып ауруханаға түсетін болса, бүгінде 7-8 науқасқа азайған. Дәрігерлер орын жетпей, қосымша орталықтар ашылған кездегі қиыншылықтарды былай еске алады.
Әлия Нұртыдинова, Ақтөбе облысы жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Басында қызметкерлер, дәрігерлер жетпей жатты. Сосын арнайы бұйрықпен өзге медициналық мекемелерден дәрігерлер мен медбикелерді біздің ауруханаға жолдамамен жіберді. Қазір эпидахуал біраз тұрақтады. Күніне 17-18 науқас түседі. Жансақтау бөлімінде жатқан науқас жоқ.
Атырауда қызылша дерті асқынып тұр. Cоңғы қараша айында тіпті ушығып кеткен. Науқастардың дені қаланың өзінде. Қалған көп бөлігі Жылыой, Исатай, Құрманғазы аудандарында. Инфекциялық аурухана лық толы. Дәрігерлердің айтуынша, ауру жасөспірімдер арасында көп таралуда екен.
Айкөркем Нұрғалиева, Атырау облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:
- Атырауда қазір қызылша ауруымен ауырып жатқан науқас саны 1800-ден асты. Оның мыңға жуығы зертханада расталды. Өзге елдерден де ауырып келгендер бар. Жалпы балалар арасында аурушаңдық көп. Қазір аудандарда да дерт ушығып жатыр. Науқастардың басым бөлігі вакцина алмағандар.
Емханаларда балаларға Үндістанда өндірілген вакцина салынуда. Бұл екпені елімізде қолданып келе жатқанына он жылдай болған. Сонымен қатар бұл препарат тек қызылшаға ғана емес, қызамық пен құлақ түбі безінің шошынуына да шипа екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!