Министр: Құн салығы өссе де, азық-түлік қымбаттамайды
Қосылған құн салығы өссе де, азық-түлік бағасы қымбаттамайды. Себебі сатушылардың дені қосымша салығын төлемейді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осылай деп отыр. Дегенмен соңғы аптаның өзінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны біршама өскен. Мәселен, жұмыртқа, сүт, ет өнімдері мен ұн бағасы айтарлықтай қымбаттаған.
Автор: Мерей Қалиасқар
15.11.2023
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
— Қосылған құн салығының өсуі инфляцияға әсері бірқалыпты болады. Өйткені біріншіден, қосылған құн салығы барлық экономиканы қамтымайды. Салық төлеушілердің 6 пайызынан кемі ғана қосылған құн салығын төлейді. Солардың 40 пайызы түрлі преференциялар мен жеңілдіктер алатындықтан, оны төлемейді. Жалпы инфляцияға айтарлықтай қысым болмайды деп күтілуде. Бар болғаны бір пайыздық шегінде ғана. Керісінше, бұл біздің тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Елімізде сатылатын азық-түлік өнімдері негізінен ірі супермаркеттерде, кішігірім дүкендерде, яки базарларда сатылады. Ал сатушылардың көбі, әсіресе ірі сауда орталықтарында немесе базарларда қосылған құн салығын төлемейді екен. Қуантыровтың үміттеніп отырғаны да осы. Десе де, бірінші кезекте импорттық тауарлардың бағасы өсуі мүмкін. Бұл өз кезегінде отандық тауарлар өндірісіне пайдасын тигізіп, бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді деп санайды Ұлттық экономика министрі.
Жалпы 2025 жылы инфляция барлық факторларды ескере отырып, 5-6 пайызға дейін төмендеуі тиіс. Ал биыл дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында инфляция деңгейі 10,8 пайызға төмендеді.
Дегенмен Үкімет басшысы бұл көрсеткішті азсынып, өсім қарқынын әлі де арттыру керектігін айтты. Әлихан Смайылов жылдық инфляцияны әлде де азайту үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің бір айдан аса ғана уақыты барын ескертті.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
— Жыл соңына дейін 1,5 ай қалды. Экономиканың өсу траекториясын сақтай отырып, барлық нысаналы көрсеткішті қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері осы жылға бөлінген қаражатты уақтылы және тиімді игеруді қамтамасыз етуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!