{metadescription}
10 мың теңгелік жаңа купюра айналымға түсті, банкноталар дизайны түрленеді
10 мың теңгелік жаңа купюра айналымға түсті, банкноталар дизайны түрленеді

10 мың теңгелік жаңа купюра айналымға түсті, банкноталар дизайны түрленеді

Бүгін 10 мың теңгелік жаңа купюра айналымға түсті. Ал жыл соңына дейін басқа банкноталар да жаңа дизайнда түрленбек. Ұлттық банк ұлттық валютаның 30 жылдық мерейтойында осындай жаңалығымен бөлісіп отыр. Теңгенің дизайны толықтай өзгерген. Бетіндегі жазбасы да тек мемлекеттік тілде.

Бүгіннен бастап алғашқы цифрлық теңгемен де есеп айырысуға болады. Әзірге пилоттық режимде іске қосылған. Жаңартылған ұлттық валютаның кескіні қандай?

Теңгенің 30 жылдығына орай күнделікті қағаз ақшамыздың барлығы жаңарғалы жатыр. Бұл жолы банкноттың дизайны “Сақ стиліне” негізделген. Жаңа теңге жыл соңынан бастап, кезең-кезеңімен қолданысқа беріледі.  Ал мынау 10 мың теңгелік банкнот мерейтойға арнайы басылып шықпақ. 3 млн данамен.

Жаңа ақша бүгіннен бастап айналымда. Оның 19 қорғаныш элементі бар. Банкнот ішіне теңгенің 30 жылдығына арналған монетаны да орналастырыпты. Алдынғы бетін қазақы ою-өрнекпен дәстүрлі стильде безендіріп, Қазақстан картасын бейнелеген. Ал артына Еуразия құрлығының жалпы контуры сызылыпты.

Санжар Нұрқасымов, ҚР Ұлттық банкінің бас дизайнері:

 Мерейтойға арналған жаңа 10 мың теңгенін дизайнын 2-3 айдың ішінде жасап, бір жыл дайындықтан өткіздік. Банкнотаның екі жағында да шексіз қозғалыстың символы – «Мёбиус лентасы» бар. Банкнота өз құнына сай еліміздің барлық аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылданады. Сондай-ақ, банктік шотқа салуға, аударуға және ұсақтауға болады.

500 теңгеден бастап 20 мың теңгеге дейінгі қағаз ақшаларымыздың түр-түсі өзгергелі жатыр. Бесінші рет жаңартылған бұл жолғы банкноталарды суреттеуде жануарларға басымдық беріліпті. Яғни әрқайсысында жылқы, бүркіт, барыстан бастап, киік пен бұғыға дейін бар. Бас дизайнер мұның өзіндік сырымен бөлісті. 

Санжар Нұрқасымов, ҚР Ұлттық банкінің бас дизайнері:

 Жаңа банкноталар сериясы Сақ мәдениетіне, олардың кең байтақ даламыздың табиғаты мен жануарлар әлемімен байланысына арналады. Көптеген бұйым бүгінге дейін бастапқы күйінде сақталған және археологиялық қазба жұмыстары кезінде әлі де табылуда. Сол сияқты біз банкноталарға бейнелеген жануарлар әліге дейін Қазақстан аумағында мекендейді.

Бес мың теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкнота жыл соңында қолданысқа беріледі. Ал, мың және 2 мың теңгені айналымға енгізу келесі жылға жоспарланып отыр. 20 мың мен 500 теңге 2025 жылға қалдырылыпты. Артынша ескі үлгілдегі ақшалар айналымнан біртіндеп алына бастайды. Сондай-ақ, бүгінгі Қазақстан қаржыгерлер конгресінде «Цифрлық теңге» пилоттық жобасы таныстырылды. Бұл ең әуелі төлем мен қаржы қызметтеріне деген қолжетімділікті арттырады дейді мамандар.

Бинұр Жәленов, Қазақстан ұлттық төлем корпорациясының төрағасы:

 Цифрлық теңгенің артықшылығы халық шотындағы қаржысын кез-келген жерде офлайн түрінде интернетсіз пайдалана алады. Бұл- қолма-қол және қолма-қол емес ақшадан басқа ұлттық валютаның үшінші нысаны. Қазақстандықтар алғашқы өнімдерді жақын арада пайдалана алады. Цифрлық теңгені екінші деңгейлі банктер клиенттеріне қызмет көрсететін банктің мобильді қосымшасында цифрлық шот ашу арқылы пайдалануға мүмкіндік береді.

Ұлттық банк "цифрлық теңгені" толықтай қолданысқа енгізуді 2025 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап қойған. Одан бөлек, банкноталардың дизайнын өзгерту жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жасалатын дүние деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде