Заңгерлер: Озбырларды қылмыстық жауапқа тартататын уақыт жетті
Тұрмыстық зорлық-зомбылық — қылмыс! Бұған дейін тек әкімшілік жазамен құтылып келгендерге қатысты заңды күшейту керек деп бастама көп айтылып жатыр. Кейбір заңгерлер үйдегі озбырларды қылмыстық жауапкершілікке тартататын уақыт жетті деп есептейді.
Автор: Салтанат Шырынхан
16.11.2023
Бүгін Алматыда да өткен жиында күйеуінен теперіш көргендердің жайы жан-жақты талқыланды. Заңға қатысты бастаманы қолдаған парламент депутаттары да қоғамның дертіне айналып бара жатқан бұл мәселеге алаңдап отыр.
Бұрын көпшілік тұрмыстағы жанжал жоқшылықтың кесірі деп ойлайтын. Бірақ қоғамдық резонанс тудырған соңғы жағдайлар қарны тоқтықтардың да мұндай озбырлықтан алыс еместігін көрсетіп отыр. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың қоғамдық дертке аңналып бара жатқанына алаңдаған Сенат депутаттары бүгін әйеліне әлімжеттік жасайтындарды мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарына жұмысқа алмау туралы бастама көтерді.
Жанна Асанова, Сенат депутаты:
— Бізге әйел мен балаларды саудаға салатын немесе затқа қарағандай көзқарасты өзгерту керек. Қорғансыз қалған жандарды мемлекет қорғап қана қоймай, зорлық-зомбылыққа жауап беретін қадам жасайды. Әрбір азамат зорлық-зомбылықтың барлық құқықтық салдары мен жазадан құтылмайтынын білуі тиіс. Қоғамда әділеттілік салтанат құруына бағытталған өзгерістердің алдыңғы қатарында дәл солар болуы шарт.
Ал Алматыдағы өткен жиында Орталық Азиядағы бес мемлекеттен жиналған сарапшылар аталған мәселені жеке-жеке талдады. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық аймақтағы барлық елде проблемаға айналған тақырып.
Айман Омарова, адвокат:
— Біздің ұсынысымыз былай. Бұл жерде әкімшілік емес, бұл – қылмыс. Қылмыс ол қылмыстық кодексте болу керек. Қылмыстың құрамы болу керек. Қылмыстың «квалифицирующий признак» дейді сондайлары болу керек. Егер балалардың көзінше жасаса немесе басқа да жағдайлар болса, оның өзіне де қатаңдату керек деп санаймыз.
Мамандар еліміздегі әрбір үшінші әйел күйеуінен зәбір көріп өмір сүретінін айтады. Мәселен, Алматыдағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына көмек сұрап бас сауғалайтын әйел санында шек жоқ. Жақында ғана күйеуінен күн сайын таяқ жеп қашып келген келіншек алты баланың анасы. Кішкентайы әлі қырқынан да шықпапты.
— Ішкен кезде селкілдеймін, даладан келе жатыр ма, аяқ-қолымыз дірілдеп тұра алмаймыз. Енем, өзінің шешесіне дейін аяқ-қолы дірілдеп тұра алмай кетеміз, екеуміз, « не істейміз, не істейміз» деп. Қалай қарай қашу керек деп ойлап тұрамыз. Қашып құтылмасаң, басқалай құтылу мүмкін емес. Өйткені сол жерде өлтіреді. Мұрныма дейін сындырып, жағыма дейін сындырып ,көкала қойдай қылып.
Бұл келіншектің жолдасымен бірге өмір сүріп келе жатқанына 14 жылдан асыпты. Үйленген сәтте ғана барлығы жақсы болды деген оның көз жасы бір құрғамаған. Араққа сылқия тойып алатын күйеуі күн көрсетпей, барлығын төпештей жөнеледі екен.
— Қазір көп әйелдер айтады ғой. Күйеуің сондай екенін біліп, мінезін біліп тұрып, туа бердің. Алты балаң бар деп. Кәдімгідей бала көтермесем де ұрады. «Неғып көтермей жүрсің сен, баламның көп болғанын қалаймын».. Туасың, болды. Бір қашып кеткенімде балалардың барлығын жатқызып қойып, үйдің бүкіл газын ашып, айтыпты, балаларға қазір баріміз ұйықтаймыз деп. Сол кезде маған үйге қайт деді. Мен «қайтпаймын, сен мені тағы ұрасың, не үшін барамын « дегенмін. «Ендеше саған да жоқ, маған да жоқ қыламын» деді.
Осылайша келіншек құқық қорғау органының қызметкерлеріне де өкпесі қара қазандай. Үнемі полициейлерді шақырсам, келуден бас тартады дейді. Сотқа да арыз жазуға жүрексінеді. Өйткені сағызша созылатын іс аяқталамын дегенше ,күйеуі өзін өлтіріп тына ма деп қорқады. Қазір бұл мекемеде дәл осындай жолдасынан теперіш көріп жүрген 50-ге жуық келіншек бар.
Зульфия Байсакова, Зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры:
— Орталыққа көмек сұрап келетін әйелдер 18-65 жас аралығында. Күйеулері қыздарға зорлық-зомбылық көрсететін себеп өте көп. Ең алдымен үйдегі ер адамның жұмыссыздығы, арақ ішіп, наша шегуі, қала берді ажырасып кетсе де тыныштық бермейді. Физикалық, психологиялық, экономикалық тұрғыдан соққы көп. Мекемеге таяқ жеп, үсті-басы көгеріп, қанжоса болып келеді.
Орталық басшысы да зорлық-зомбылыққа қатысты заң нормасын қатаңдату керек деп есептейді. Өйткені озбырлар отбасын қойып, сырттағы адамдарға да кесірін тигізу көбейгенін айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!