Демографтар мен генетиктер халық саны алдағы уақытта көбейеді деп болжап отыр
Қазақстанның 20-шы миллион тұрғыны ретінде бірден бес сәби тіркелді. Бір мезетте Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола мен Түркістан облыстарында нәрестелер дүниеге келіп отыр. Олардың үшеуі — ұл, екеуі — қыз. Перзентханада жатқан ана мен шақалақтардың жағдайы жақсы, оларға өңір басшылары түрлі сый-сияпат жасады.
Автор: Бек Әбиев
16.11.2023
Туу жағынан көш басында әдеттегідей Түркістан облысы тұр. Ал демографтар мен генетиктер халық саны алдағы уақытта тағы көбейеді деп болжап отыр.
14 қараша таңғы сағат 8:10-да туған бес шақалақ еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Үш ұл мен екі қыз жаңа құрылған Ұлытау мен Жетісу, сондай-ақ Атырау, Ақмола мен Түркістан облыстарында өмірге келген. Бурабай ауданы Жасыл ауылында тұратын бастауыш мұғалімі болып жұмыс істейтін 31 жастағы Динара Каренкина перзентханаға түскен соң көп ұзамай қызын дүниеге әкелген. Ұлдан кейін келген қызының мерейлі азаматқа айналарын сезген де жоқпын дейді.
Динара Каренкина, Ақмола облысының тұрғыны:
— Сағат 7-ден аса келдік осы перзентханаға. Сосын 8-ден 10 кеткенде бала дүниеге келді. Баланың есімін осы Құранымыздың жүрегі саналатын Ясин сүресінің құрметіне Ясин деп қойдық. Барлығы жақсы өтті. Дәрігерлерге барлығына алғысым шексіз.
Дүние есігін 3 келі салмақпен ашқан Томирис Ұлытаудың атын асқақтатып, жұртын қуанышқа бөлеп жатыр. Әйтпесе, жеке облыс болып бөлінген өңір тірлігін түзету жолында қауырт жұмыстан көз ашпай келеді. Ал 20 миллионды сүйіншілеп туған нәресте, перзентхананың жұлдызына айналды. Құттықтай келгендердің арасынан бір банк көрімдікке 2 миллион теңге ұстатса, жергілікті компания миллион теңгені жастығының астына салыпты. Миллионер сәбидің жағдайы жақсы. Анасы 19, әкесі 20 да ғана Өздері бала боп жүргендер, болашақта көпбалалы отбасына айналсақ дейді.
Сұңғат Сейітжан, Ұлытау облысының тұрғыны:
— Бірінші Алланың қалауы, одан кейін дәрігерлерге рахмет. Мен емес ата анам қатты қуанып жатыр ғой. Бірінші немерелері. Сол. Мен босанғанын да естіген жоқпын ғой, жұмыста болдым, бүгін ғана демалыс.
— Дүниеге келе сала мерейлі азамат атанған сәбилердің анасын құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстауға өңір басшылары перзентханаларға арнайы барды. Барлығына мемлекеттен тағайындалған 2 миллион теңгелік сертификат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстан халқының саны 16 миллион 400 мың болса, 32 жыл ішінде ел тұрғындары 22 , 3 пайызға өскен. Генетик мамандар жыл өткен сайын демографиялық ахуал жақсара түседі деп болжап отыр.
Мәншүк Жетпісбаева, генетик-дәрігер:
— Ары қарай осы жүкті әйелдер саны көбейеді деген мақсаттамын. Өйткені жаңағы біздің хромосомалық ауытқулар, жүре пайда болған мысалы тұқым қуалайтын аурулар олардың бәрін анықтайтын бізде қазір диагностика бар. Сол үшін балалардың тууы көбейеді деген мақсаттамыз, дені сау балалардың сәбилердің.
Ең демографиясы жоғары аймақ ретінде Түркістан, Маңғыстау облысы мен Шымкент саналады. Мысалы, Түркістан өңірінде былтыр 57 мың 429 сәби өмірге келсе, биыл 46 мыңға жуық шақалақ туылыпты. Ал, туу саны жағынан ең аз Солтүстік Қазақстан облысы тұр. Мұнда соңғы 23 жыл ішінде туылған бала саны 10 мыңға да жетпепті. Дүниеге келіп жатқандар арасында қыздан гөрі ұлдардың саны басым екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!