Алматыда «Радужный берег» кешені қарыз салдарынан жылусыз қалған
Көршілерінің кесірінен тоңып отыр. Алматыда «Радужный берег» тұрғын үй кешенінің халқы шу шағарды. Тұрғындар: «Газдың ақшасын ай сайын кешіктірмей төлеп тұрсақ та, үймізде жылу жоқ» - дейді. Өйткені жұрт газ беретін мекемеге миллиондап қарыз екен. Ал оны көршілері төлемей отырған екен.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
17.11.2023
— Бүгін ғана қосты. Төрт күн бойы мүлдем жылу болған жоқ. Суық үйде отырдық. Тек БАҚ шақырамыз дегеннен кейін жарты сағатта жылу қосып берді.
Үш баланың анасы Жаннаның жаны жай таппай отыр. Бүгін ғана қосылған жылудың кешқұрым бір мезетте өшіп қалуы бізге таңқаларлық жәйт емес дейді. Бүлдіршіндерінің қыстық киімін қазірден бастап дайындап отыр.
Жанна Өмірбекова:
— Жылу маусымы басталғалы екінші рет газды өшіріп жатыр. Жылу газға байланысты. Өшірген кезде үй бірден суып кетеді. Балаларымыз ауырып жатыр. Осы айда төрт күн жылусыз отырдық. Біз шулағаннан кейін ғана барып қосты.
Күздің қара суығында жылусыз отырдық деп шу шығарған «Радужный берег» тұрғын үй кешенінің халқы. Жұрт газдың ақшасын кешіктірмей төлесек те, жөнді жылуға жарымай отырмыз дейді.
Нүрия Сүлейменова, МИБ төрайымы:
— «Ruby House», «Ruby House plus», «Радужный» бізге электр энергия, су, ыстық су, жылу береді. Олар делдал. Ай сайын қарызсыңдар деген шот жібереді. Үш жарым миллион газ, төрт жарым миллион электр қуатына қарызсыңдар дейді. Қарыз болып жатқан біз емес. Тұрғындар 90 пайыз төлейді.
Тұрғындар жылуға төлеген ақшамыздың жарты жолдан желініп кетуі де мүмкін деп отыр. Айтуларынша, бәрін былықтырған сол компаниядағылар. Бірақ ондағы қызметкерлер мүлде басқа пікірде.
Наталья Суслова, құрылыс компанисының өкілі:
— Тұрғындардың басым бөлігі ақшаны уақытылы төлемейді. Сондықтан «ҚазТрансГаз» өздері өшіріп тастады. Компанияның директоры газды қостыру үшін өз қалтасынан тұрғындардың қарызын жапты. 1 миллион 200 мың теңге төледі.
Тұрғын үй кешеніндегі 300 пәтерде қазір жылу бар, бірақ уақытша. Қарыз жыл соңына дейін жабылмаса, тұрғындар қақаған қысты да жылусыз қарсы алуы мүмкін.
Болат Байділдаев, Түркісіб ауданы ТКШ бөлімінің басшысы:
— Бұл жерде желілер қаладағыдай бөлек емес, бәрі бір, бір қазандық. Қазандыққа газ түспесе, үйде жылу да, ыстық су да болмайды. Қарызын төлемей жүргендер жыл соңына дейін төлемей қойса, бүкіл үйде жылуды өшіріп тастайды.
Газдың ақшасын уақытылы төлеп келген тұрғындар көршілерінің қарызы үшін неліктен жылусыз отырғанын түсінбей дал. Енді жұрт мәселені сотқа жүгініп шешуге бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!