«Амалымыз қалмады». Саз кешкен Қоянды тұрғындары жол жөндеуге несие алған
Астана іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғындары жол жөндеу үшін несие алған. Талай жылдан бері шыдамы таусылған жұрт басқа амалымыз қалмады дейді. Жергілікті ақ жағалыларға шағымданғанымен, бюджеттің ақшасы жетпейді депті.
Автор: Айғаным Достанбай
17.11.2023
Құзырлы министрлік биыл Ақмола облысына қарасты 22 ауылдың жолын жөндеуге 18 млрд теңге бағыттаған екен. Қояндының халқы сол 18 млрд-тың 18 тиынын да көрген жоқпыз деп ашынады.
Киім тұрмақ, тамақты несиеге алып жүрген қазақ бұл жолы тұрып жатқан көшесін жөндеу үшін қарызға кіруден тайсалатын түрі жоқ. Соған қазынадан бөлінетін қаражат бар емес пе дерсіз. Бірақ 10 жылдан астам уақыт толарсақтан саз кешіп жүрген Қояндының халқы одан күдер үзгелі қашан. Арғысына жұрттың шыдамы таусылған.
— Ауыл тұрғындары айтса айтқандай-ақ, өздеріңіз көріп тұрғандай, мына көшеде аяқ алып жүрудің өзі қиын. Бүгінгідей жаңбырлы күндерді көшенің бойы тіптен ми батпаққа айналады. Ең сорақысы, осы жағдай жылда қайталанады. Әкімдікке қанша шағымданғанымен, ешқандай нәтиже жоқ.
Риатолда Қапыш:
— Айтады, қалады. Одан шара жоқ.Биыл жазда мынаған газ тартты. Соның бәрін былықтырып кетті ғой. Салғаннан кейін артын тазалап, жөндеп, халыққа тағы да бір дұрыстап кетсе дұрыс болар еді. Талай адам барды. Оған мән беретін де құзырлы орган жоқ.
Астананың іргесіндегі ауылда 35 мыңға тарта халық тұрады. Әрқайсысы бала-шағасының ауызынан жырып жыл сайын 20-25 мың теңгеден шығарады. Арнайы техника жалдап, қиыршық тас төсеп, амалдап келе жатқалы неше жыл. Оның өзінде ол айналдырған бір ғана маусымға ғана жарамды.
Қайрат Нысанов:
— Үнемі осылай ойылып кетеді. Үнемі ақша шығарып, халықтың бәрі жинап,өзіміз төсейміз осы жерге. Жаңбырда жүре алмай қаламыз. Жөнде десек, бюджеттен ақша бөлінбей жатыр. Анау дейді, мынау дейді.Қаншама әкім келді. Ешқайсысы, біреуі де жасамай кетті ғой.
Ашық ақпарат көздерінде биыл Ақмола облысына қарасты 22 ауылдың жолын жөндеуге 18 млрд теңге бөлінген дейді. Оның 8 миллиард 400 млн теңгесі Қоянды ауылына бағытталған екен. Осы жылы 995 млн теңгесін жаздың соңына дейін игеруі тиіс болған. Жаз түгелі, енді бір 15 күнде қыс басы.
Асхат Айтбаев, бригадир:
— Бізде үш көше, Мәметова, Шапағат, сосын Қоянды көшесі.Шапағат көшесі асфальтталып жатыр. Мәметова болды, сонымен, Қоянды қиыршық тас төсей салу керек.
Бақытхан Солтанбай Қояндыға өткен жылы әкім болып сайланған. Жол жөндеу жұмыстарына былтырдан бастап қарқынды көңіл бөліп келеміз дейді. Дегенмен 17 жылдан бері кісі қолы тимеген шаруа бір-екі күнде біте қоятын жұмыс емес екенін айтып ақталды.
Бақытхан Солтанбай, Қоянды ауылының әкімі:
— Осы 17 жылда Қояндыға 13 км жол салынған екен. Қазір бір жылдың ішінде жұмысымыз жүрді. 20 км-ге жақын асфальт түсіп жатыр, биылғы жылдың өзінде.Негізі жолдарды тезірек істеп жасап болды. Келесі жылы да әрі қарай жалғасады. Асфальт екі қабаттан салынады. Бір қабатын ғана салып беріп үлгеріп жатыр. Біздің өтінішіміз, халықтиың өтініші, аяғымыз батпақ болмасын деп.
- Жаңа әріптесімізге айтып жатырсыз, мен де сол жақтан келе жатырмын деп. Бірақ, міне,сізбен аяқ киімімізді салыстырайықшы, шынымен де сол жөндеу жріп жатқан көшеден келе жатырсыз ба?
- Сол жаңағы жөндеу жүрген көшелер бар, Бізде нақты.
- Аяғыңыз таптаза болып тұр да, соған айтып жатқаным.
Әкім ауыл тұрғындары өз қалтасынан ақша шығарып жол салып жатқанынан бейхабармын дейді. Бұл мәселені көтеріп, ешқайсысы қарасын көрсеткен жоқ деп отыр. Ал жалпы елдімекендегі жолдың ұзындығы 145 шақырым. 17 жылда оның тек 13 шақырымына тасжол төселсе, биыл тағы 20 шақырымы жөндеуден өткен. Қалған 110 шақырымның қашан тақтайдай болатыны белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!