{metadescription}
Ақмола облысын жерсінбей қырылған бірқазандарды құтқару мүмкін бе? 
Ақмола облысын жерсінбей қырылған бірқазандарды құтқару мүмкін бе? 

Ақмола облысын жерсінбей қырылған бірқазандарды құтқару мүмкін бе? 

Ақмола облысына бірқазандар ұшып келді. Алайда Қызыл кітапқа енген құстар желді әрі суық өлкені жерсінбей қырыла бастаған. Ірі тұмсығымен ерекше теңіз құсын аман қалдыру мүмкін бе еді?

Ольгинка ауылы Астанадан жүз қырық шақырым жерде орналасқан. Бірнеше күн бұрын 230-ден аса халқы бар ауыл тұрғындары аулаларында, бақшаларында, тіпті қораларында ерекше құсты байқап таңданысын жасырмады. Сөйтсе ауылдарына бір топ бірқазандар қоныстанған екен.

Марина Комарова:

Қораға кірсем, кіреберісте отыр. Әрі қарай кіруге қорықты-ау шамасы. Сосын торды ашып, сыпырғышпен ақырындап орнынан жылжытуға тырыстым. Ол тіпті бұл жерден кетуге де тырыспады. Күн суық болды.

Әуелі ауыл тұрғындары бірқазандарды жылы жаққа бара жатып, қоректену үшін тоқтады деп ойлапты. Алайда ірі құстар бірнеше күн өтсе де ұшып кетуге де тырыспаған.

Ауылға он шақты құс қоныпты. Басында топпен жүріп, артынша бөлініп әр жаққа кете барған. Ауыл тұрғындары әлі құрып әбден шаршаған құстарды қораға қамап, алдына жем мен балық қойған. Дегенмен ол әрекеттері де сәтсіз болып, ертеңінде құс арам қатып өліп қалған.

Жалпы бірқазандардың елімізде екі түрі бар екен: бұйра және қызғылт.

Қызыл кітапқа енген ірі құстардың бұл жаққа неге аялдағаны белгісіз. Ауыл тұрғындары бұйра бірқазандардың осы маңайға қонып, қайта ұшпағанын айтып отыр. Бірқазандардың балықпен қоректенетінін ескерсек, бәлкім осы өзеннен азық іздеген болар.

Жергілікті әкімдік бұл жағдайдан бейхабар екенін айтып, ауыл тұрғындарын кінәлай жөнелді. Құстардың ұшып келгенін тек әлеуметтік желіден көрген. Бірақ ол кезде тым кеш болды. Жауапты мамандардан құрылған комиссия бірқазандардың өлексесін ғана көрген.

Дастан Ахметов, Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

Тұрғындар көрсетті, қай жерде 4 бас бірқазан жатқанын. Көрдік, жинап алдық. Мен қарағанда 7-8 бас бірқазанды көрген болдым. Қалған төртеуін көрдік, бірақ таба алмадық. Халықтың айтуы бойынша ұшып кетті деді. Cосын Михайловка округына келдік те. сонда комиссия құрып, өртеп жібердік.

Мамандар құстар мұнда қатты желмен ығып келген болуы мүмкін дейді. Ал мұнда қажет азық таппады әрі суық күн райы оларға жақпаған.

Алтай Жатканбаев, зоолог-орнитолог:

Күз болған кезде олардың миграциялық инстинкті қатаяды да, ұшып кеткен балапандарын тастап аналық инстинктіне қарамайды. Содан кейін бұл балапандар қорегін таба алмай әбден азып кеткен және жөнді ұша алмайды. Көріп жатырсыз, қонған жері тақыр жер.

Зоолог-орнитолог маман Қостанай облысында Наурызым мемлекеттік табиғи қорығында бірқазандар көптеп кездесетінін айтты. Алтай Жатқанбаев олардың сол маңайда арнайы мекендері барын айтады. Бірқазандар сол жерден Ақмола облысына ұшып келді деген болжам бар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде