Нұрсұлтан Назарбаев қоры Талдықорғанда 50-ге тарта ерекше балаға көмегін тигізді
Талдықорған қаласындағы ерекше балаларды оңалту орталығы көмекке зәру кішкентайларды қоғамға бейімдеуге септігін тигізуде. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев қорының Жетісу облысындағы күндерінде айтылды.
Автор: Салтанат Шырынхан
20.11.2023
Іс-шара аясында жастарға әлеуметтік әрі білім беру саласы бойынша қолдау көрсетін жобаларын таныстырып, білікті мамандар дәріс өткізді. Өңірдегі Үкіметтік емес ұйымдарға көмек ретінде қор атынан 2 жарым миллион теңгеден берілді.
Талдықорған қаласындағы аутизммен ауыратын және ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған орталық биыл мамыр айында, ал «Қамқорлық» атты балаларды оңалту мекемесі осыдан небәрі екі ай бұрын ғана жұмысын бастаған. Содан бері 50-ге тарта ерекше баланың дертіне дауа іздеп, қоғамға араласып кетуіне септігін тигізіп келеді.
Ғалия Мырзашева, «Қамқорлық» орталығының бөлім меңгерушісі:
— Балалардың сөйлеу, психологиялық қабылеті, ынталандыру және көмектесу оның ары қарай тұрмыста дұрыс жүріп-тұруына септігін тигізді. Логопед, психолог, невропатологтың қарауынан өтеді. Балаға монтессори кабинетінде сабақ жүргізіледі. Бізге тұрғылықты жерінен, өздерінің учаскелік дәрігерлері немесе невропатолог дәрігерінен жолдама алады.
Аутизммен ауыратын балаларға арналған мекеме бір жарым мен 18 жас аралығындағы 125 баланы қабылдауға қауқарлы. Дәл осындай бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев қоры 2020 жылдан бері ашқан 15 оңалту, 11 ерте араласу орталығы бар. Онда 30 мыңнан астам бала кешенді көмек алады. Қордың атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы ұрпағымызға қолдау көрсету өздерінің басты міндеті екенін алға тартады.
Әлкей Марғұланұлы, Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары:
— Жетісу облысы мына біздің қордың эко системасында өте ерекше, маңызды орын алады.Әрбір идеяның немесе әрбір жобаның нәтижелі болуы ол тек қана концептуалды түрде орталықтан басқарылуында ғана емес, ол сонымен қатар аймақтарға шығып, сол аймақтардың өмір тынысымен танысып, олардың қоғамының қандай мәселеге зәру екендігін біле отырып тікелей көмектесуіне негізделеді. Сондай жұмыс қана өзінің нәтижесін беретін болады.
Қордың бастамасымен ашылған «Қамқорлық» ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтарға барған мамандар өңірде шеберлік сағаттарын үш күн қатарынан жүргізді. Өз ісінің кәсіби шеберлері жастарға дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ спорттық робототехника, инженерия, электроника және бағдарламалау салаларында білім берді.
Гүлім Жүсіпова, «Ел үміті» корпоратив қорының балалар мен жастарды дамыту диагностикасын енгізу орталығының басшысы:
— Қосымша инновациялық жобаларды шетелде қандай бар, оны мына жақта Қазақстанда көрсетуге болады. Ата-аналарға таныстыруға, іске асыруға сол жағынан көмек беруге келіп жатырмыз. Өйткені бізде тек қана таныстыру ғана емес, қосымша психологтарға ,мектеп педагогтарына тренинг өткізіп жатырмыз.
Ауқымды жоба аясында Нұрсұлтан Назарбаев қоры «Қамқорлық» орталығына жүгіру жолы, дамытушы арнайы ойыншықтар, ноутбук, түрлі-түсті принтер сыйға берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!