«Кеңес кезінен қалған пойыздар». Үкімет басшысы ҚТЖ проблемаларын жіпке тізді
«Сауранбаев, саған айтам, Қарабаев, сен тыңда». Премьер-министр Үкімет отырысында көлік министрі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы төрағасының көзінше жолаушылар тасымалындағы проблемаларды жіпке тізді. «Қалааралық пойыздардың тең жартысы Кеңес кезінен қалған ескі, жүк вагондарының да жай-күйі одан да сорақы, 62 пайызы тозып тұр», - деді Смайылов.
Автор: Айғаным Достанбай
21.11.2023
ҚТЖ-ның табысы көбейіп, қызметкерлердің еңбекақысы артты деп мақтанған Нұрлан Сауранбаев жаңа вагондарды алуды да жоспарлап қойған екен. Ал оның қызығын қашан көрмеміз? Үкімет отырысына КТК тілшісі қатысып қайтты.
Жолаушылар тасымалына жауаптылардың баяндамасы мәнді-мағыналы шығар. Бірақ шынайы картина қоғамның бетіне қалқып шығып тұрғанда, экрандағы сандардан не қайыр, не үміт дейсің. Тозығы жеткен вагондар, пойыздардың сағаттап кешігуі, билет тапшылығы, тағысын тағы.
«Қазақстан темір жолындағы» талай уақыттан бері айтылып, әбден тізесі шыққан мәселелер бүгін Үкіметте талқыланды.Тұрғындар тарапынан шағымның азаятын түрі жоқ дейді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
— Тұрғындар тарапынан «Қазақстан темір жолының» қызметіне қатысты көптеген шағым түсіп жатыр. Пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагондар, мұның барлығы қалыпты жағдайға айналып барады. Ал бизнес болса, вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып шағымдануда. Осының барлығы бүкіл экономиканың дамуына кері ықпал етеді.
Мәселен, теміржол саласында машина жасау, рельс өнімдеріне және түрлі жабдыққа деген сұраныс үнемі жоғары. Бірақ біздің магистраль желілері отандық кәсіпорындардың үдесінен шыға алмай отыр. Бұл — бір. Екіншіден, әбден ескірген жолушылар пойызы ел аузынан түспей жүргелі қашан?! Ұшақа отыруға қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Амалы құрыған қараша терезесін ашса жабылмайтын, жапса ашылмайтын, қалт-құлт еткен көне вагондармен қатынамағанда қайда барады? Оның өзінде, билеттің табыла кетуі құдды бір лоторея ұтып алғанмен тең. Мәселен, жаңа жылға дейін әлі бір жарым ай бар. Бірақ мегаполистер бағытындағы билеттер өтіп кеткен. Ұлттық компанияның басқарма төрағасы тым жоқ дегенде, 45 күнге ертерек қимылдаңдар деп кеңесін берді.
Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК төрағасы:
— Иә, қазірдің өзінде Алматы мен Астанаға билет жоқ. Билет 45 күн бұрын сатыла бастайды. Демек адамдар алдын ала жоспармен билет сатып алды. Осы жағдайға байланысты біз «Астана-Алматы» бағытында қосымша пойыздар шығарамыз.
ҚТЖ-ның қызмет сапасы кері кеткенімен, табысы тәп-тәуір артып келе жатыр деп мақтанып қалды Сауранбаев. Кейінгі жылда компанияның кірісі 1,3 триллион теңгеден биыл екі триллионға жуықтаған. Дегенмен осы триллиондарды вагон жаңартуға жұмсайды деп түсінсеңіз, қателесесіз. Жолаушылар тасымалы мемлекеттің әлеуметтік қызмет болып табылады және оларға республика бюджеттен ақша бөледі деді «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы. Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге 300 вагон жетіспейтінін айтады.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
— Жолаушылар вагондарының паркі 2 567. Тасымалдауға сұраныстың жоғары кезінде шамамен 300 вагон тапшы. Осыған байланысты және халықты тасымалдауға қолайлы жағдай жасауға заманауи жолаушылар вагондарын сатып алуға жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл 162 жаңа вагон сатып алынды. Оның ішінде 76 вагон пайдалануға берілді, 24 вагон пайдалануға жыл соңына дейін беріледі. 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында қалған 62 вагон жеткізіледі.
Қайбір жылдарда теміржол саласы қызметкерлері жалақының тым мардымсыз екенін айтып бас көтерген-тін. Ал қазір «ҚТЖ» ТОП-3 жұмыс беруші компанияның басында тұр деп мақтанды басқарма төрағасы. Қазақстан темір жолының басшысы 2030 жылға дейін су жаңа вагондармен қамтыламыз деп те дәмелендіріп қойды. Ұлттық компания 1997 жылы құрылғанын ескерсек, қош, 26 жыл шыдадық, енді тағы 7 жыл төзуімізге тура келетін секілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!