Жамбыл облысында оқушылар стафилококк-ауреустан уланған
Жамбыл облысында оқушылардың стафилококк-ауреус инфекциясынан уланғаны анықталды. Сараптама қорытындысына сай бұл патогенді бактерияны аспаздар жұқтырған. Мектеп асханасындағы тауық еті мен күріштің де құрамынан улы бактерия табылды.
Автор: Сәбит Әлдебай
21.11.2023
Эпидемиологтардың зерттеуінен кейін мұндағы 12 қызметкердің үшеуінен стафилококк таяқшалары табылған. Қазір олар тергеу аяқталғанға дейін жұмыстан шеттетілді. Осылайша мектеп оқушыларының жаппай улануына тамақты дұрыс сақтамау мен аспаздардың жеке бас гигиенасын ұстанбауы себеп болыпты.
Оқыс жағдай екі апта бұрын Киікбаев мектебінде болған. Сол күні бастауыш сынып оқушыларына палау мен компот беріліпті. Артынан құсып, іші өткен 61 адам ауруханаға жеткізілген.
Салтанат Әлібаева, Жамбыл облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
— Жұмысшылардан 12 зерттеу жүргіздік, үш жұмысшыдан да оң нәтиже көрсетті. 80 шайындыдан 14 бактериялық ішек таяқшалары табылды. Химиялық зерттеуге біз 16 сынама алдық, оның алтауы талапқа сәйкес келмеді. Осы құжаттың бәрі дайындалып реттеліп, құқықтық органға жолданады. Айыппұл көлемі сол ретте анықталатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!