«Туған жерден кетпейміз». Ресей шекарасындағы Көптоғай ауылы көшірілуі мүмкін
Ресей шекарасында орналасқан Атырау облысының Көптоғай ауылы көшірілуі мүмкін. Себебі мұндағы үйлер қызыл белдеуде орналасқан. Әкімдік әрқайсының үй құжатын сұратып тексере бастапты. Осыған алаңдаған жұрт туған жерімізді тастап ешқайда кетпейміз деп отыр.
Автор: Жанат Молдашова
21.11.2023
Шекара шебінде тұрған ауылдың болашағын жергілікті билік өкілдері де болжай алмайды. Себебі бұл мәселе үкіметтік деңгейде шешілген. Көңілі алаң көптоғайлықтардың жағдайын КТК тілшісі біліп келді.
Осыдан екі жыл бұрын шу шыққан Көптоғай ауылы. Ресеймен шекаралас орналасқан. 2021 жылы қазақстандық шекарашылар ауыл іргесінен сым тарта бастағанда көптоғайлықтар жаппай қарсы шыққан еді. Өйткені мал-жан су ішетін Қиғаш өзені қоршудың арғы бетінде қалады. Осыдан кейін шекарашылар аумақты қоршау жұмысын тоқтатты. Бірақ жақында әкімдік өкілдері іргедегі жиырмадан астам үйдің құжатын сұратып, қызыл белдеуде тұр дегенді айтыпты. Мұны естіген көптоғайлықтар елді жаппай көшіріп жебере ме деп қорқып отыр.
Сырым Баженов:
- Әкімшілік қоғам жұмыскерлерін жіберіп үйлердің құжатын алған. Фотоға түсірген, соны жинақтап жатыр. Неге десе, түсіндіріп дұрыс халыққа айтпайды да. Өмір бойы тұрғандар бар. Зейнеткерлер бар, жалғызбастылар бар. Кім өзінің жылы мекенінен қозғалғысы келеді? Ешкім.
Айтолқын Қалиева:
- Осы көше көшіріледі деген әңгіме болды. «Қызыл аймақта» дейді. Жолдасым жоқ, балаларым бар. Көшкенде қайда барамын? Қайда көшіреді? Бізге соның анығы керек. Көпір, медпункт салынады деп жатыр. Елімізді жаңартып жатқанда , бізді көшіргенде қайда барамыз?
Көптоғайлықтардың сөзінше, ауыл айналасындағы шекара сызығы әлі нақты белгіленбеген. Үй іргесіндегі Қиғашқа қармақ та сала алмайды. Енді ауылды көшіреді деген қауесет бәрін үрейлендіріп отыр. Ал ауыл әкімі қызыл белдеуге кіріп тұрған үйлердің барын растады. Олардың құжатын сұрағанымен, бірақ көшіру туралы ешқандай ақпарат таралмағанын айтып ақталды.
Бауыржан Нұрланұлы, Көптоғай ауылының әкімі:
- 24 үй кіріп тұр, соны мәліметін, жер кадастрын, мемлекеттік актісін, шешімін сұрадық, болды, басқа ештеңе сұрамадық. Бұл кісілерге көшіріледі, не болмаса, жерлеріңіз алынады деген ақпарат таратылған жоқ. Ондай қарастырылған да жоқ, айтылған да жоқ.
Көптоғайлықтардың бұл наразылығына Құрманғазы ауданы әкімі де жауап берді. Ол ауылда шу шыққанда арнайылап барып келгенін, бірақ үйлердің көшіріліп-көшірілмейтіндігіне қатысты нақты жауап бере алмай отыр.
Абат Жанғалиев, Құрманғазы ауданының әкімі:
- Ол жердегі тұрғындардың талабы шекаралық бағана сол ауыл ішінде қондырылған, қандай мақсатқа деген болды. Ол бойынша тиісті шекара қызметіне, тиісті жоғарғы органдарға хат жолданады. Үйлердің көшіріліп-көшірілмеуі бойынша ешқандай мәлімет айта алмаймын. Бірінші шекара қызметінен мәлімет алып, содан кейін сіздерге толық мағлұмат бере аламын.
Ал шекарашылар бағандардың әрі-бері орнатылуына «біз жауапты емеспіз» дейді.
Айдар Қаженов, ҚР ҰҚК ШҚ Атырау облысы департаменті бастығының бірінші орынбасары:
- Шекара белгілерінің орнатылуы, оның қозғалуы деген сұраққа біздің шекара қызметінің қатысы жоқ. Бізге шекара сызығын қалай белгілеп берді, қай жерге белгілер орнатылды, біз сол жерде күзет орнатамыз. Шекара аймағындағы режиімнің сақталуын қамтамасыз етеміз.
Шекара қызметінің айтуынша, Қазақстан мен Ресей елдері өкілдерінен құралған комиссияның шешіміне сай, 2009 жылы Атырау облысындағы шекаралық аумаққа белгілер толық орнатылған. Құрманғазы ауданының құрлықта 365 шақырымы, сумен 88 шақырымнан астамы Ресей елімен шектесіп жатыр. Осылайша жергілікті атқарушы органдар қызыл белдеуде тұрған үйлерді көшіруге қатысты ештеңе ашып айта алмады. Ал жер кодекісінде шекаралық белдеуде орналасқан жерлер жекеменшікке және уақышта пайдалануға берілмейді делінген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!