+997 кодынан бас тарттық, әзірге +7 қала береді
Қазақстан +997 жаңа телефон кодынан әзірге бас тартты. Яғни бұған дейінгі қолданыстағы +7 коды өзгеріссіз қала береді. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин жаңа кодқа көшуге қаржы және технологиялық проблемалар қолбайлау болды деп отыр.
Автор: Айжан Шамшидин
21.11.2023
Бағдат Мусин ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
— Жаңа кодқа ауысамыз десек, жалпы бізге бір жыл жетеді. Қиын емес. Бірақ 20 млн абонентіміз басқа интернет-платформаларда тіркеген кодтарын жаңарту жүргізуде қиындыққа ұшыратады. Сондықтан дүниежүзілік мекемеде +997 кодын өзімізге резервке қойдық.
Жауапты министрліктің дерегінше, Қазақстан 2021 жылы өз дербес жеке нөмірін иемдену үшін +997 халықаралық кодын резервке қойған. Еліміздегі барлық байланыс операторларымен жаңа кодқа көшу мәселесі де пысықталып, бірқатар жиындар өткізіліпті. Дегенмен орта жолда бастама іске асырылмай қалған. 20 миллион абонентті бір мезетте жаңа кодқа ауыстыру қалтаға салмақ салады деген мамандар әзірге бұл идеяны жылы жауып қойды.
Айта кетейік, Қазақстан «+7» халықаралық кодын КСРО ыдырағаннан бері Ресеймен қатар қолданып келеді. Бүгінде солтүстіктегі көршімізбен +7 нөмірін ортақ пайдалану туралы жаңа келісім жасалуда. Үкімет отырысынан кейін тілшілер алдында сөз сөйлеген Бағдат Мусин Илон Масктің Starlink интернетін қолдануға Қазақстан тарапына заңды түрде рұқсат берілмегенін де айтты. Байланыс саласын реттейтін заңнама тек келесі жылы қарастырылады екен. Яғни, жаңа байланыс технологиясы Starlink интернетінің шарапатын қазақстандықтар тек 2024 жылы көре алады. Дегенмен ведомство басшысы қазір Илон Маск ғаламторын пилот режимде 10 ауыл мектептерінде қосып тексеріп көру көзделгенін жеткізді.
Бағдат Мусин ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
— Заңнамалық шектеулер шынымен де бар. Бұл шектеулер тек Қазақстанда ғана емес. Қазір барлық елде байланыс саласын реттейтін заңнаманы қайта қарап жатыр. Біз келесі жылы реттеуді жоспарлап отырмыз. Бірінші немесе екінші жартыжылдықта деп нақты айта алмаймын, өйткені барлығы Парламент Мәжілісіне байланысты. Егер Мәжіліс қолдаса, заң қабылданады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!