Министр: Дені сау әрі жұмыс істеп жүрген адам өзі-ақ ақша жинап пәтер ала алады
«Дені сау әрі жұмыс істеп жүрген адам өзі-ақ ақша жинап пәтер ала алады». Бүгін Мәжілісте біраз сұрақтың астында қалған өнеркәсіп және құрылыс министрі еңбекке жарамды жастар мемлекетке бос үміт артқанша, қаржылық сауатын арттыру керек деді. Ал жеңілдетілген ипотекаға халықтың әлеуметтік осал топтары ғана лайық деп санайды.
Автор: Мерей Қалиасқар
22.11.2023
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
— Егер деніңіз сау әрі жұмыс істеуге қабілетті болсаңыз, онда сіз баспана алуға ақша жинауыңыз керек. Әрине ,әркімнің жағдайы әртүрлі екенін түсінемін. Егер мемлекет мүмкіндігі шектеулі балалар мен жұмыс істеп, ақша табуға қабілетті жастарды басымдыққа қойса, онда мен мүмкіндігі шектеулі балаларды таңдаймын. Мұнда ең дұрысы, қаржылық тұрғыдан сауатты болып, қаражат жинау және қолданыстағы бағдарламалармен ипотека алуға тырысу керек.
Қорыта айтқанда, дені сау адамға жеңілдетілген ипотеканың бұйыруы екіталай. Қазір 254 мың әлеуметтік осал топтағы қазақстандықтардың 3 мыңнан астамы ғана жеңілдетілген ипотека алған. Шарлапаевтың берген шала жауабы мәжілісмендердің көңілінен шықпады. Депутат Дәулет Мұқаев қазіргі ипотекалық бағдарламалар жастарға мүлде тиімсіз деп көптен бері айтып жүр. Яғни жастар санатындағы азаматтардың басым бөлігінде жалақы мөлшері әрі кетсе 200 мың теңге шамасында. Ал ол ақшаны азық-түлік пен жалдамалы пәтерге жұмсап және қаражат жинауға әсте мүмкін емес. Бұл тығырықтан шығу үшін депутат "Елорда жастары", "Алматы жастары" сияқты ипотекалық бағдарламаларды ауыстыруды ұсынып отыр.
Дәулет Мұқаев, Мәжіліс депутаты:
— 200 мың деп, әйтіп-бүйтіп асырып айттым ғой. Шын мәнінде білесіздер, 120-150 мың теңгенің айналасында айлық алып жүрген азаматтарымыз өте көп. Жаңа министр айтты, басқа да бағдарламалармен алуға болады ғой деп. Қай бағдарламамен алады, несімен алады?! Қазір бар ғой бізде, "Елорда жастары", "Алматы жастары" сияқты ипотекалық бағдарламалар бар. Бір бөлмелі үйді орта есеппен 18 млн-ға алады. Дәл сол үйді алуға мүмкіндік жасау керек. Бастапқы жарнасы сол млн 800 болатындай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!