Ақтөбе облысында жақында төселген асфальт үгітіліп жатыр
Ақтөбе облысында жақында төселген асфальт үгітіліп жатыр. Қарашаның суығында жасалған жолдың сапасы сын көтермейді деп ашынады тұрғындар.
Автор: Жаңалық Ахаш
22.11.2023
Мұғалжар ауданының тұрғындары видео түсірген. Жұрын бекеті мен Орқаш ауылының арасына төселіп жатқан жолдың жайына жұрт күйініп отыр. Өзі небәрі 15 шақырымды құрайтын құрылыс былтыр басталған-ды. 2022 жылы тек үш шақырымын салып, биыл қалған бөлігін аяқтапты. Бірақ жол салып жатқан мердігердің жаныққаны сонша, соңғы бір аптада төсеген асфальт жарылып жатыр. Қиыршық тас төселіп топырағын нығыздағанына да тұрғындар күмәнмен қарайды.
Ал шенеуніктер сапасыз жол салған мердігерді сотқа бердік деп отыр. Осы құрылысқа қазынадан 743 миллион теңге қарастырылған. Енді үгітілген асфальтты құрылыс компаниясы қайта қалпына келтіруге тиіс.
Айдос Қайырмағанбетов, Мұғалжар ауданы ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
— Ақауларға және уақытылы жұмыс бітпеуіне байланысты нысан қабылданбады. Жөндеп бітіргеннен кейін қабылданады. Бұл жөнінде тұрақсыздық айыппұлы өндіріліп жатыр, сотқа жүгіндік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!