Түркістан облысында алтын барлаушы компания мен тұрғындар дауы өршіп барады
Түркістан облысында алтын барлаушы компаниямен тұрғындар арасындағы дау өршіп барады. Түлкібас ауданындағы Абай ауылының жұрты жайылым жеріне алтын іздеп келушілерді кіргізуге үзілді-кесілді қарсы. Себебі "Аурус" деп аталатын компания бірер жыл бұрын көршілес Қайыршақты деп аталатын ауылдың астаң-кестеңін шығарып кеткен. Одан кейін ауылда су тартылып, жайылым жер қалмаған. Барлаушылардың техникасын жолатпау үшін ауылдықтар 4-5 адамнан тәулік бойы кезекшілік жасап, жерлерін қоруға дейін барды.
Автор: Бек Әбиев
23.11.2023
Түлкібастағы Қайыршақты ауылына «алтын бар-жоғын білеміз» деп кірген барлаушы компания бас-аяғы үш жылда ауылдың астаң-кестеңін шығарған. 100 гектарға жуық жердің тал-терегі сүріліп, топырағы қопарылып тастаған. Барлаушылардың әрекетінің кесірінен жайылымнан да, судан да айрылдық дейді жұрт.
Мырзабек Қайрақбаев:
— Өзеннің суы жоқ. Үйме тас үйіп тастаған. Енді мал түсіп кетсе мал тұрмақ адам түсіп кетсе, шыға алмайды. Әр жерде көлшік су.Б ылай қарай 500 метр ені, биіктігі екі жағы тау. Ауыз су тартылып, арасында шылдыр су ағып жатыр. Алтын жуғанда химикат қосады дейді, мал ішіп, уланып жатыр дейді, мал бағып жатқан шаруалар.
Қайыршақтыны қойып, енді сол барлаушылар көрші Абай ауылының аумағына кірмек болғанда ел өре түрегелді. Келген техникасын қырдан асыра қуып, қазір компанияның тек бірнеше контейнері тұр. Өзен мен таудың бойында ауыл жігіттері алтын іздегендер кірмес үшін кезекші топтарды ұйымдастырып, жерлерін қоруға көшкен.
Арман Молдаш:
— Мына ауылымызды сақтап қалу үшін бәріне дайынбыз. Техникасы кіріп кетпес үшін осынша 4-5 адамнан ауылдың құрам жасақтап, кезекшілікте тұрып жатырмыз. Техникасы келген жағдайда өздеріне қиын болады. Техникасы ауылымызға кірмей, өз жөнімен кетсін.
Жастары жер қорып жатқанда, қалған тұрғындар кәсіпкермен қырқысып жатыр. Бұл жолы Мәдениет үйіне жиналған жұрт аудан мен облыстан құзырлы мекемелердің басшыларын шақырып кәсіпкермен кездескен. Дүйім жұрт алдында «қалай болса да жерді қазамын» деген кәсіпкермен елдің әңгімесі жарасқан жоқ.
Нәзипа Мамықова, мердігер мекеменің директоры:
— Барлықтарыңыздың алдарыңздан өтіп, одан кейін барып барамыз деп отырмыз. Бірақ сіздерге айтайын, барлауға бізде лицензиямыз бар, одан бөлек бізде экологияның қағазы бар, біздің жеріміз бар, заңды. Біз заңсыз болса, басымыз екеу емес. Айтып болсаңыз, енді сізге мен айтайын, сізге алтын керек пе? Бізге су керек, сіз соны түсінесіз бе? Сіз алтын алсын деп, бүкіл халық сусыз қалу керек. Сіз шіреніп фильтрмен су ішетін шығарсыз, біз қыста сол суды ішеміз.
Елдің алдынан өтем деген кәсіпкермен жұрттың әңгімесі мүлдем жарасқан жоқ. Ал шенеуніктер барлаушы компания Түлкібаста қанша гектар жерді, қашан алғанын білмейміз деп ақталды. Егер халық қарсы болса, онда барлаушыларға алтын түгілі, бақыр да жоқ деп отыр.
Ербол Орманов, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:
— Жер құжаты бар деп отыр, сатып алғанбыз дейді, бір азаматтан. Бірақ ол қазір дәлелін тапқан жоқ. Себебі халықтың алдында көрсете алмады құжаттарын. Негізі, иқазу үшін халықтың, қоғамдық тыңдауы өту керек. Халық қарсы болған жағдайда қазуға құқы жоқ.
Енді аудан мен облыстан келген құзырлы мекемелердің өкілдері мен белсенді тұрғындардан арнайы комиссия құрылатын болды. Сөйтіп барлаушы компанияның әр құжаты жіті зерттелмек. Оған дейін Қайыршақты ауылының құтын қашырған компания қопарып тастаған жерін қайта қалпына келтіруге міндеттеледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!